Ұлыбританиялық ерлі-зайыпты Иранда тыңшылық жасады деген айыппен қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қаңтар айында Иранның Керман провинциясында тұтқындалған британ азаматтары Крейг пен Линдси Форманға тыңшылық жасады деген айып тағылып отыр. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Мәліметтерге сәйкес, ерлі-зайыптылар мотоциклмен әлемді аралап саяхаттап жүріп, 30 желтоқсанда Армениядан Иранға өткен. Олар Иран үкіметі тарапынан тыңшылық жасады деп айыпталғанға дейін елде бес күн қалуды жоспарлаған. Формандар қаңтар айында Иранның Керман қаласында қамауға алынған, бірақ өткен аптада ғана қамауға алынғаны туралы хабар тарады.
Елдің сот жүйесінің өкілі Асгар Джахангирдің айтуынша, ерлі-зайыптылар «бірге саяхаттап жүрген 52 жастағы ерлі-зайыптылар» деген желеумен Иранға кіріп, елдің көптеген провинциясында ақпарат жинаған.
Қамауға алынар алдында докторлық дәрежесі бар психолог Линдси Форман әлеуметтік желіде жаңа өмір бастау үшін Ұлыбританиядан кетіп жатқанын жазған.
– Бұл адамдар зерттеу және саяхаттау сылтауымен Батыстың барлау қызметтеріне қатысы бар ұйымдармен байланыста болған. Оларды барлау агенттіктері қадағалап, кейінірек жоспарланған операцияның бір бөлігі ретінде тұтқынға алды, - дейді Асгар Джахангир.
Керман облысының бас қазысы Ходжат-ул-Ислам әл-Муслимин Хамидидің айтуынша, ерлі-зайыптының барлау қызметтеріне қатысты бірнеше мекемемен байланысы расталған және қосымша тергеулер жалғасып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Иран билігі музыкант әйел болғаны үшін Исфахан қаласындағы «Лиана» тобының концертін тоқтатқаны туралы жазған едік.