Ұлыбританиялықтар Астанада өтетін көшпенділер ойынына қатысады
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер Ұлыбритания елі қатысатынын растады.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекциясы мәлім еткендей, Ұлыбритания елшілігінің қызметкерлері аталған ұйымның басшылығымен кездесіп, британдық спортшылардың ойынға қатысу туралы ережелермен танысып, өзара пікір алмасты.
Айта кетейік, бұған дейін британдық Овари федерациясы овари ұлттық құрамасының ойындарға қатысатынын ресми түрде растаған болатын. Сондай-ақ Ұлыбритания Елшілігінің өкілдеріне спорттың бірнеше түрінен, күрестің бес түрінен, Powerful Nomads және арқан тартыс сияқты спорт түрлерінен қатысу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Сонымен қатар британдық тарап көрнекі спорт түрлерінің тізіміне крикетті енгізуге, «Спорт ғылымы» секциясында британдық спикерлердің ғылыми бағдарламаға қатысуына өтінім берді.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойынында спорттың 20 түрінен кіл мықтылар анықталады.
Атап айтсақ, асық ату, ордо, арқан тартыс, бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қазақ күресі, алыш, кураш, ашыртмалы аба гюреши, ссирым, мас-рестлинг, Powerfull nomad (күштілердің сайысы), тоғызқұмалақ, мангала, овари, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, құсбегіліктен сайыстар өтеді.
Сондай-ақ 10 көрнекі спорт сайысынан жарыстар өткізу жоспарланған.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтсе, 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.