Ұлытау облысы қалай құрылды – Әкім естелігі

Ұлытау облысы қалай құрылды – Әкім естелігі
Фото: egemen.kz

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында облыстың қалай бөлінгенін айтып берді, деп хабарлайды Kazinform. 

Өз сөзінде әкім облысты жаңадан құру қиын екенін баса айтты.

«Біз Қарағандыдан, Астанадан көп маман келеді деп үміттеніп едік. Бірақ Жезқазғанға кадр көп келмеді. Көбіне Жезқазған, Ұлытау, Сәтпаев, Қаражалдан қызметкерлерді, аудан, қала әкімдерінің орынбасарларын басқарма басшысы етіп тағайындадық. Олар да облыстық деңгейде жұмыс істеп көрмеген. Солай бір жылда тәжірибе жинақтады, тәжірибе болмаған соң қателіктер де болды. Қарағанды облысынан сабақтастық болар, ол жақтан қызметкерлер, құжаттар келеді деп ойладық. Іс жүзінде басқарманы құрдық та, бәрін таза парақтан бастадық», - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Спикердің айтуынша, Ұлытау облыс ретінде ашылса да, тұрғындардың басқа аймақтарға көшуі әлі тоқтаған жоқ.

«Биылдың өзінде кері сальдо – мыңнан астам адам. Әрине, көшіп келушілер және қалушылар көп болуы керек. Бірақ Жезқазғанда үйдің бағасы өте қымбат. Мұндағы үй бағасы Астанамен, Алматымен бірдей. Екі мыңдай қызметкер келді, олардың бәріне жалға алу өте қымбат», - деп толықтырды Б.Әбдіғалиұлы.

Бұған дейін Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облыс ретінде бөлінгелі қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар