Ұлытау облысы Республика күнін мерекелеуді спорт фестивалімен бастап кетті
Жезқазған қаласында ұлттық спорт түрлерінен фестиваль өтті, деп хабарлайды Кazinform.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұлттық спорт түрлерінен алғаш ұйымдастырылған жарыс Республика күніне орайластырылды. Онда 200-ден астам адам спорттың 8 түрінен бақ сынады.

«Алғашқы фестивальдің мақсаты – төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту. Ұлттық спорт түрлері – тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Бүгінгі жарысқа қатысуға Ұлытау облысынан ең мықты спортшыларымыз жиналды. Жеңіске лайықтылар жеңеді деп сенеміз. Ұлттық спорт түрлерінен фестивальді келесі жылы қаламыздың 70 жылдық мерейтойында республикалық деңгейде өткізу жоспарланған», – деді шараны ашқан қала әкімі Қайрат Шайжанов.

Фестивальде Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларынан, Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан спортшылар көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, аударыспақ, теңге ілу, арқан тартыс, қазақ күресінен күш байқасты.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 6 млн 800 мың теңге.
Қонақтар мен қатысушылар жергілікті өнерпаздар мен арнайы шақырылған эстрада жұлдызы Ұшқын Жамалбектің өнерін тамашалап, арнайы тігілген киіз үйлерде ұлттық тағамдардан дәм татты.




