Ұлытау облысында балалар құқықтарын қорғау басқармасына жаңа басшы тағайындалды
ҰЛЫТАУ. KAZINFORM — Ұлытау облысында балалар құқықтарын қорғау саласында кадрлық тағайындау болды. Ведомствоның жаңа басшысы болып білім беру, әлеуметтік сала және мемлекеттік қызметте көпжылдық тәжірибесі бар Зина Ақылбекова тағайындалды.
Зина Ақылбекова 1965 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1988 жылы Жезқазған қаласындағы Оқушылар сарайында әдіскер болып бастаған. Әр жылдары әдістемелік жұмыстар жөніндегі директордың орынбасары, № 11 мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, ішкі саясат пен білім беру салаларында еңбек еткен.
2011–2015 жылдары Жезқазған қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарды. Кейін жеті жылдан астам уақыт қала әкімінің ішкі саясат және әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Сондай-ақ Зина Ақылбекова Ұлытау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарған. Жаңа тағайындауға дейін облыс әкімінің орынбасары қызметінде болды.
Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Медет Нұрланұлы Нұрланов «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РМК бас директордың міндетін атқарушы лауазымына бекітілгенін хабарлаған болатынбыз.