Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ұлытау облысында қайтарылған активтер есебінен жаңа медициналық және су нысандары ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында мемлекетке қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды прокуратура.

а
Фото: Алатау әкімдігі

Қайтарылған қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға жинақталып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталуда.

Бүгінде Жезқазған қаласында, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында төрт дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 4,5 мыңнан астам тұрғын сапалы медициналық көмекке қол жеткізді.

Жаңаарқа ауданының Айнабұлақ кенті мен Ұлытау ауданының Қорғасын ауылында жаңа медициналық пункттердің ашылуы тұрғындар үшін маңызды оқиға болды. Бұған дейін олар медициналық көмек алу үшін аудан орталықтарына дейін 90 шақырым жол жүруге мәжбүр болған.

«Сонымен қатар үш сумен жабдықтау нысанының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде Жаңаарқа ауданының ауылдарында тұратын мыңға жуық тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді», – деп хабарлады прокуратура.

Қазіргі уақытта өңірде тағы екі жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – құны 1,4 млрд теңгені құрайтын Жаңаарқа аудандық көпбейінді орталық ауруханасын күрделі жөндеу. Ауруханаға соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 10 жыл бұрын жүргізілген.

«Қайтарылған активтер бүгінде облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыратын әлеуметтік нысандарға айналуда. Барлық нысандардың құрылысы мен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуы облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Ақмола облысында су инфрақұрылымын жаңғыртуға қайтарылған активтерден 1,4 млрд теңге бөлінді.