Ұлытау облысында құтқарушылар ер адамды өрттен құтқарып, жарылыстың алдын алды

АСТАНА. KAZINFORM - Ұлытау облысында құтқарушылар жанып жатқан үйден ер адамды құтқарып, ықтимал жарылыстың алдын алды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

ы
Фото: ТЖМ

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Қаражал қаласындағы Шайхина көшесінде орналасқан тұрғын үйден өрт шықты. ТЖМ құтқарушыларының жедел әрекетінің нәтижесінде 1971 жылы туған ер адам құтқарылып, түтінге улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ ТЖМ қызметкерлері үйден көлемі 27 литр болатын 6 газ баллонын алып шығып, жарылыс қаупінің алдын алды. Өрт 10 шаршы метр аумақта сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Осыған дейін Астана су қоймасында күшті жел алып кеткен 2 серфингші құтқарушыларды шақыруға мәжбүр болғаны туралы жаздық.