Ұлытау облысында сауда заңнамасын бұзған 243 сауда субъектісі жауапкершілікке тартылды

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Мемлекеттік бақылаудың негізінде Ұлытауда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 30% дейін төмендеді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті мәлімдеді. 

супермаркет
Фото: pixabay.com

«Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жыл басынан сауда заңнамасын бұзған 243 сауда субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жыл басынан „Сауда қызметін реттеу туралы“ Заңының 9-бабының 1-тармағын бұзғаны үшін 226 сауда субъектісі ҚР „Әкімшілік құқық бұзушылық туралы“ Кодексінің 204-4-бабы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесінің шекті мөлшерін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 195-і ескерту болса, 31 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 572 200 теңгеге айыппұл салынды», — делінген комитет хабарламасында.

Мемлекеттік бақылау шараларының негізінде департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын 5%-дан 30%-ға дейін төмендетті. Сондай-ақ Департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің заңнамада белгіленген мөлшерден асырмау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Өңірдегі 15 сауда субъектісіне тауардың сату құны витринада көрсетілген бағамен сәйкес келмегені және тауарларды баға жапсырмасымен рәсімдемегені үшін жалпы сомасы 173 500 теңге айыппұл салынды. Одан бөлек өңірдегі кәсіпкерлік нысандар витринада баға белгілерін орнатпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен Жезқазған қаласындағы дүкендердің бірінде витринадағы тауардың бағасы 500 теңге деп көрсетілген, алайда сату кезінде витринада көрсетілгеннен жоғары баға қолданып, 580 теңгеге сатылған. Департамент мамандары аталған дүкендерге тексеріс жүргізіп, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Еске сала кетейік, Ұлытау облысында прокуратураның араласуымен 218 млн теңге мемлекетке қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар