Ұлытау облысында шахтадағы жұмысшының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Сәтпаев қаласының маңындағы «Анненская» шахтасында қайғылы оқиға салдарынан ұнтақтаушы мерт болды. Полиция аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Ұлытау облысының полиция департаментінен хабарлағандай, «Анненская» шахтасында жұмысшының өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Сәтбаев қаласының полиция бөлімі «Анненская» шахтасында өндірістік жарақат алу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабы, 3-бөлігі (Еңбекті қорғау ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған) бойынша қылмыстық іс қозғады», - деп хабарлайды Ұлытау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнында жедел-тергеу тобы мен Ұлытау облысы полиция департаментінің басшылығы бар, оқиға орнында тексеру мен тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Қазақмыс» компаниясына қарасты «Анненская» шахтасында қайғылы оқиға болғаны туралы хабарлаған едік.