Ұлытау облысында су тасқыны кезеңі штаттық режимде өтіп жатыр

Жезқазған.  KAZINFORM –  Ұлытау облысы аумағында су тасқыны кезеңі біршама күрделенгенімен, штаттық режимде өтіп жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Облыста күн райының күрт жылынуы, қардың жылдам еруі салдарынан гидрологиялық ахуал 25 наурыздан күрделене бастаған. Қазіргі таңда жағдай толық бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарып, қауіптің алдын алып жатыр. 

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Дер кезінде қолға алынған алдын алу шараларының арқасында облыстың Жаңаарқа, Ұлытау аудандарындағы 66 тұрғын үй мен 9 қыстақты су басу қаупі сейілді. Құтқару, алдын алу шаралары барысында барлығы 108 адам, оның ішінде 56 бала эвакуацияланды. Қауіпсіз орынға 349 бас ірі қара, 858 бас ұсақ мал және 17 бас жылқы малы айдалды. 

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

«Облыс аумағында құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін жедел штаб жұмыс істеп тұр. Осы уақыт ішінде облыстық, аудандық маңызы бар 3 автокөлік жолының кейбір учаскелерін су шаю оқиғасы тіркелді. Қазір аталған жол учаскелері қалпына келтіріліп жатыр. Жалпы, өңірде республикалық, облыстық маңызы бар негізгі жолдарда қатынас үзілген жоқ, электр, жылу желілері, басқа да тіршілік қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - дейді облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов.

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Әкімдіктер мен төтенше жағдайлар қызметінің су бөгеу жұмыстарына өңірдегі кәсіпорындар мен бизнес нысандары, еріктілер де қол ұшын созып жатыр. Облыс орталығындағы Кеңгір су қоймасы 29 наурызда қар суының есебінен жобалық қуатына толды. Артық су арнайы шлюз (шандор) арқылы Кеңгір өзеніне ағызылуда.

Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі
Ұлытау облысы әкімдігі
Фото: Ұлытау облысы әкімдігі