Ұлытау облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Жеңістің 80 жылдығына орай алғашқы мерекелік шаралар Ұлытау аймағында таңертең ерте басталды. Іс-шара Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды.

Ұлытау облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Халқымыздың ХХ ғасырда басынан өткерген ең ауыр кезеңдерінің бірі — Екінші дүниежүзілік соғыс. Тарихи деректерге сүйенсек, қан майданға 1,2 миллион қазақстандық аттанып, оның 600 мыңы елге оралмаған. Бүгін — фашизмді жеңіп, адамзатты зұлматтан құтқарған Ұлы Жеңістің 80 жылдығы. Бұл айтулы дата еліміздің түкпір-түкпірінде кеңінен аталып өтіп жатыр. 

Ұлытау облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Атап айтқанда, Жезқазған қаласындағы «Даңқ» аллеясында «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты салтанатты іс-шара өтті. Жиналған жұртшылық алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындады. Бұдан кейін қатысушылар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Облыс әкімі Дастан Рыспеков пен зиялы қауым өкілдері Отан үшін жанын қиған боздақтар рухына тағзым етті.

Дастан Рыспеков ардагерлерді мерекемен құттықтап, еңбек майданында көрсеткен ерлігі үшін алғыс білдірді.

Ұлытау облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Мемориал аумағында майдан даласындағы жауынгерлердің өмірін бейнелейтін театрландырылған көрініс көрсетіліп, дала асханасы ұйымдастырылды.

Іс-шара кешкі сағат 19:00-де Алаш алаңында өтетін мерекелік концерттік бағдарламамен жалғаспақ.

Ұлытау облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтті
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Еске салайық, Ұлытау өңірінен 16 мыңға жуық азамат майданға аттанып, оның 10 мыңнан астамы елге оралмаған. Қазіргі таңда өңірдегі 397 тыл еңбеккеріне Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерейтойлық медаль табысталды.

Соңғы жаңалықтар