Ұлытау облысында заңсыз өндірілген марганец құны 950 млн теңгеден асты

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті Қаражал қаласындағы «Восточный» карьері аумағында марганец кенін заңсыз өндіруді ұйымдастырған адамдар тобының әрекетін тоқтатты.

Ұлытау облысында құны 950 млн теңгеден асатын марганец заңсыз өндірілген
Фото: видеодан алынған скрин

Күдіктілер заңсыз кен өндіру үшін ауыр карьер техникасын — экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдарды пайдаланған. Карьер аумағында өндірістік база жабдықталып, онда өндірілген шикізат ұсақтау-жуу кешені арқылы өңделген.

Кейін кен жүк автокөліктерімен тиісті құжаттарды пайдалана отырып, ел аумағынан тыс жерге шығарылған.

-Нәтижесінде сатылған марганец кенінің көлемі 4 мың текше метрден асып, оның құны 950 млн теңгеден асады. Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Түркістанда 94 заңсыз құрылыс нысаны анықталды.