Ұлытау облысында жоғалып кеткен шопан аман-есен табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында құтқарушылар адасып кеткен 52 жастағы шопанды тауып, үйіне жеткізді, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Ведомствоның мәліметінше, Ұлытау ауданындағы Ескула-3 станциясына жақын орналасқан Ақтұмақ қыстауында шопанның жоғалғаны туралы хабарлама түскен.
Іздестіру жұмыстары барысында 1974 жылы туған ер адамның Лоқылдақ қыстауы маңында адасып, бағытынан жаңылғаны анықталды.
– Кейін ер адам байланысқа шықты. Іздестіру тобы оны тауып, үйіне жеткізді. Ер адам зардап шеккен жоқ, медициналық көмекті қажет етпеді, – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысының Баянауыл ауданында мал іздеп шығып, далада адасып кеткен ер адамды құтқарушылар тауып алған еді. Ол да медициналық көмекке мұқтаж болмаған.