Ұлытау облысында жолда тұрып қалған 30-дан астам көлік шығарылды - ҚазАвтоЖол

АСТАНА. KAZINFORM - Ұлытау облысында толассыз жауған жауын салдарынан «Қызылорда-Жезқазған» автожолының 12-424 шақырым аралығындағы жол учаскесінің жамылғысында шұңқырлар пайда болып, 30-дан астам көлік балшықта тұрып қалды, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі.

көлік
Фото: ҚазАвтоЖол

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, «ҚазАвтоЖол» филиал мамандары шұғыл шаралар қабылдап, қозғалысқа уақытша шектеу қойылған кезде автокөліктерді балшықтан шығару жұмыстарын атқарды. Сондай-ақ қозғалысты қалыпқа келтіру үшін жолдың жүру бөлігін тегістеді.

Аталмыш жұмыстарға 6 арнайы техника жұмылдырылды: 2 жүк тиегіш, автогрейдер, «Урал» жүк көлігі мен 2 жол жөндеу қызметінің техникасы.

Мамандардың бірлескен жұмыстарының нәтижесінде учаскедегі көлік қозғалысы толықтай қалыпқа келтірілді.

«Тұрғындар мен жүргізушілер жолдың жағдайы бойынша шұғыл ақпаратты тәулік бойы қызмет көрсететін 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы білуге болатынын хабарлаймыз», - делінген баспасөз баянында.

Осыған дейін Қарағанды облысында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылғаны туралы хабарладық.