Ұлытауда шенеуніктің салғырттығынан 10 үй су астында қалған
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
«Қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы Табиғи ресурстар басқармасының басшысына қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша, сондай-ақ «Жезді өзенін санациялау» жобасы шеңберінде тиісті түрде жұмыс атқармаған тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді аяқтады. Тергеу барысында құрылыс нормаларының орындалмағаны, сондай-ақ жобалау құжаттамасынан ауытқуларға жол берілгені анықталды, бұл жобалаушы мәлімдеген өзеннің су көлемінің өткізу қабілетін азайтты», - делінген агенттік хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша облыстың табиғи ресурстар басқармасының басшысы іс жүзінде жасалмаған жұмыстардың актілеріне қол қойған. Құрылыс объектісіне бармастан техникалық және авторлық қадағалаушылар да орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойып берген.
Лауазымды тұлғалардың аталған қылмыстық әрекеттерінің салдарынан көктемінде 10 жеке үй су астында қалған.
Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді.