Ұлытауда су тасқыны қаупі сейілді

Ұлытау
Фото: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысында су тасқыны кезеңі тұрақталды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов баяндады.

Оның айтуынша, негізгі Кеңгір, Сарысу, Жезді өзендеріндегі 25 гидротехникалық құрылғы бақылауда тұр.

«Облыстың екі ауданында 22 үйді су басу салдарынан жергілікті ауқымдағы ТЖ жарияланды. Бүгінгі таңда тұрғындардың шығыны бойынша сметалар дайындалып, қалпына келтіру кестелері жасалып жатыр. Үйлерге толық сараптама жүргізілді. Төрт азамат отбасымен бірге аудандағы басқа үйлерге көшірілді», - деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.

Сонымен бірге, су астында қалған аймақтардағы азаматтарға материалдық көмек көрсетілді.

«29 отбасына 100 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ, Қостанай облысына гуманитарлық көмек жөнелтіледі. Алдағы уақытта қосымша керек-жарақтар жіберіледі. Облыс бойынша бұзылған 12 жолды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды», - деді спикер.

Мал шығынын есептеу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі 19 мал қорымын су басу қаупі жоқ.

«СЭС мамандары судың сапасын тексеріп жатыр. Судың зияны туралы ешқандай ақпарат жоқ. Сондықтан облыс көлемінде жағдай бірқалыпты», - деді Ұ.Үсенов.

Соңғы жаңалықтар