Ұлытауда тікұшақпен шолу арқылы су тасқыны қаупі бар аудандар анықталған

тікұшақ
Фото: Абай облысы әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлытау облысында Кеңгір, Жезді су қоймаларында су деңгейінің төмендегені байқалып отыр. Бұл туралы Ұлытау облысы ТЖД бастығы, полковник Есен Байыров айтып берді.

Спикердің айтуынша, облыс аумағында 2024 жылғы наурыздың екінші жартысында күннің күрт жылынуы салдарынан су тасқыны қарқынды жүріп жатыр.

Қазіргі таңда жағдай тұрақты. 

29 наурыз күні Ұлытау ауданы Жезді кентінде төтенше жағдай жарияланды.

Қазір келген шығынды анықтау мақсатында облыстық комиссия құрылып, су басқан үйлер, автожолдар және суға кеткен мал басы саналып жатыр. 

Толық ақпарат комиссия жұмыссының қорытындысы бойынша апта соңында белгілі болады. 

«Табиғи сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін барлығы 138 техника, 418 адам жұмылдырылды, елді мекендер мен шаруа қожалықтардан 157 адам, оның ішінде 73 бала эвакуацияланды. Су тасқыны кезеңінен бүгінгі күнге дейін 990 мал оның ішінде: 405 ірі қара, 524 ұсақ мал және 61 жылқы қауіпсіз жерге айдалды», — деді Е. Байыров орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, 27-30 наурыз күндері облыс әкімі су тасқыны қаупі бар аумақтарды әуеден шолып шыққан.

Шолу барысында су тасқынына бейім елді мекендер анықталып, қала, аудан әкімдері мен құзіретті мекеме басшыларына тиісті тапсырма берілген. 

«Жезқазған қаласында зардап шеккендерді қабылдау пункттері дайындалды. Аталған жұмыс барысында 13 елді мекенде (149 үй, 623 адам) су тасқыны қауіпі сейіліп, 12 жол учаскесі қалпына келді. Бүгінгі таңда облыс аумағындағы негізгі Қаракеңгір, Сарысу, Жезді өзендері мен 25 гидротехникалық құрылыс бақылауда, штаттық режимде жұмыс істеп тұр», — деді Е. Байыров. 

Қазгидромет деректеріне сәйкес, гидропосттарда су деңгейінің жалпы төмендеуі байқалады.

Облыстағы «Кеңгір» су қоймасының жобалық көлемі — 319 млн текше метр, қазір онда 315,853 млн текше метр су жиналып, жоспарлы ағызу жұмысы жүргізілді. 

Нәтижесінде 263,244 млн текше метр су Кеңгір, Сарысу өзендерінен қауіпсіз жерге бұрылды. 

«Жезді» су қоймасының жобалық көлемі — 76 млн текше метр.

Соңғы тәулікте қойманың 100% толуы байқалады, артық судың ағуы өзен арнасымен автоматты режимде жүзеге асады.

Соңғы жаңалықтар