Үлкен Алматы айналма жолымен жүру ақысы өзгереді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Көлік министрлігі Үлкен Алматы айналма жолындағы жол жүрудің болжамды бағасын жариялады.

Үлкен Алматы айналма жолы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Министрліктің бұйрығы «Ашық НҚА» сайтында «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолының Үлкен Алматы айналма жолы» учаскесін ақылы негізде пайдалану туралы» деген тақырыппен жарияланған. https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15420413

Жобада жол ақысын уақытылы төлейтін пайдаланушылар үшін жеңілдік бере отырып, «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ)» автомобиль жолымен жүру үшін тарифтік ставкаларды ұлғайту көзделеді.

Жаңа тарифке сәйкес, баға екі есе өседі:

- Жеңіл автомобильдер үшін – 0,14 АЕК;

- 16 жолаушы орнына дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін – 0,16 АЕК;

- 32 жолаушы орнына дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін – 0,28 АЕК;

- 32 жолаушы орнына дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін – 0,32 АЕК;

- Жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі автомобильдер үшін – 0,4 АЕК;

- Жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын автомобильдер, оның ішінде тіркемелері бар автомобильдер үшін – 0,44 АЕК.

Ай сайынғы абонементтің құны:

- жеңіл автомобильдер -1 АЕК немесе 3932 теңге;

- 16 жолаушы орнына дейінгі автобустар және жүк көтергіштігі 2,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдер – 1,2 АЕК немесе 4718 теңге;

- 32 орынға дейінгі автобустар мен жүк көтергіштігі 5,5 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін – 2 АЕК немесе 7864 теңге ;

- 32 орыннан асатын автобустар және жүк көтергіштігі 10 тоннаға дейінгі автопоездар үшін жүк автомобильдері – 3 АЕК немесе 11 796 теңге;

- Жүк көтергіштігі 10 тоннадан 15 тоннаға дейінгі жүк автомобильдері үшін – 4 АЕК немесе 15728 теңге ;

Жүк көтергіштігі 15 тоннадан асатын, оның ішінде тіркемелері бар жүк автомобильдері үшін ершікті тартқыштар – 5 АЕК немесе 19 660 теңге (қазір 2,5 АЕК).

Сәйкесінше, жылдық абонементтер құны да екі есе өседі.

Еске салайық, Үлкен Алматы айналма жолымен жүру ақысы 2024 жылғы қаңтарда да өскен болатын. 

Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы 2023 жылы пайдалануға берілген еді. 

Кейін ҮАААЖ-ның төлемақысы бекітілді. 

Жоба 2025 жылдың 14 ақпанға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Соңғы жаңалықтар