Үлкен Алматы өзенінің жағалауы абаттандырылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Үлкен Алматы жағалауын көріктендіру жұмысы келесі жылы басталады. Бұл туралы қалалық мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.

– Алматыда келесі жылы ұзындығы 5,7 км, аумағы 23,4 га болатын Үлкен Алматы өзенінің жағалауын көріктендіру жұмыстары басталады.2025–2027 жылдарға арналған тиісті бюджет жобасы алдағы мәслихат сессиясында қаралады,– делінген хабарламада.
Жобаға бетонды тірек құрылымдарын жаңарту, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу, көпірлер орнату, жарықтандыру тіректерін, бейнебақылау камераларын, балалар мен спорт алаңдарын, демалыс аймақтарын және модульдік қоғамдық дәретханаларды орналастыру кіреді.
Сонымен қатар, аумақты көгалдандыру және қарау алаңдарын жасау көзделген.
Айта кетсек, 2024 жылы Алматының Алатау ауданында Боралдай өзені бойындағы 24 гектар аумақты қамтитын жасыл аймақты көріктендіру аяқталған болатын.
Осыған дейін Сайран көлінің жағалауын абаттандыруға 4 млрд теңге жұмсалатыны туралы жазған болатынбыз.