Үлкен Алматы айналма автожолы Алматының көлік жүйесіне түсетін салмақты жеңілдетеді – министр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы Алматының көлік жүйесіне түсетін салмақты жеңілдетеді. Бүгін аталмыш жолдың ашылуына қатысқан Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін елімізде бұрын соңды болмаған, автожол саласындағы ірі жоба өз мәресіне жетіп отыр. Концессионер ашық және екі кезеңдік конкурстық рәсімдер арқылы таңдалды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі бойынша іске асқан жобаның маңызы зор», - деді Әлібек Қуантыров ҮААЖ-дың ресми ашылуында сөйлеген сөзінде.

ҰЭМ басшысы атап өткендей, бұл жоба халықаралық инвесторлар мен жетекші даму банктерінің үлкен қызығушылығын тудырды. Ірі инвестициялық жоба 1 жыл мерзімнен озып, небәрі 3 жыл ішінде іске қосылды.
«ҮААЖ техникалық және экологиялық стандарттарға сәйкес келеді. Ол сенімді және қауіпсіз заманауи автомобиль жолы болып табылады. Әсіресе, Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарының еркін қозғалуына септігін тигізері сөзсіз», - деді министр.
Үлкен Алматы айналма автожолының ұзындығы 66 шақырым. Сондай-ақ, ол 14 елді мекенді қамтитын Алматы облысының үш ауданы арқылы өтеді. ҮААЖ Алматының көлік жүйесіне түсетін салмақты жеңілдетеді деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – $743 млн.











