Үлкен Алматы айналма жолы биыл пайдалануға беріледі

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Үлкен Алматы айналма жолы (БАКАД) құрылысының барысымен танысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үлкен Алматы айналма жолы биыл пайдалануға беріледі

Үлкен Алматы айналма автожолының құны 150 млрд теңге. Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қолға алынған Орталық Азиядағы ең ірі инфрақұрылымдық жол құрылыс жобасы.

«Қазіргі уақытта бүкіл автомобиль жолы бойынша жұмыстар аяқталды. Бұл жобаны іске асыру көлік қызметі сапасын арттырады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобильдердің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады, Алматы қаласын еркін аралауға мүмкіндік береді», – деді автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков.

Оның айтуынша, жол пайдалануға берілген кезде Алматыда көлік ағыны тәулігіне 40 мыңға қысқарады. Тиісінше, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының көлемі артады.

Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, «БАКАД» жобасы белгілі бір проблемаларға байланысты бірнеше рет өзгеріске ұшыраған. Мысалы, үлкен айналма жол кейбір елді мекендерді бөліп, жолаушылардың қозғалысын қиындатты. Осы мәселе бойынша үш жаяу жүргіншілер өткелі, 1 жерасты өткелі салынды. Яғни, құрылыс кезінде халықтың қажеттілігіне назар аударылды.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылғы тамызда әлемдік қаржы дағдарысына байланысты жол құрылысы тоқтатылған болатын. 2018 жылы құрылыс қайта басталды.

Жобасының негізгі кредиторлары Еуропалық Қайта Құру және даму банкі, Еуропалық даму банкі және Ислам даму банкі болып табылады.