Үлкен Алматы каналы арқылы Сейфуллин көшесімен өтетін көпір қалай жөнделіп жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі әлеуметтік желіде резонанс тудырған видеодан кейін Үлкен Алматы каналы арқылы Сейфуллин көшесімен өтетін көпірді жөндеу жұмыстарын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін желіде Сейфуллин көшесіндегі көпірдің бүтін гранит тастарын бұзып жатыр делінген ақпарат тараған болатын. Дегенмен, қалалық Мобильділік басқармасы ол ақпаратты теріске шығарып, гранит тастар тазалау үшін алынғанын, ал бүтіндері қайта орнына қойылатынын мәлімдеген еді.


Қалалық Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаевтың айтуынша, аталған көпір өткен ғасырдың 80-жылдарында салынған. Сол уақыттан бері көпірге жөндеу жүргізілмеген. Әр жылдары ағымдық жөндеу аясында бірлі-жарым сынған, тозған плиталар ауыстырылып тұрған.
«Көпірде қаптамалардың апатты жағдайдағы бөлшектері ғана ауыстырылады. Ал 1980 жылдан бері сақталған сапалы гранит жабындылар орнында қалады. Көпір қаптамасына материалдың екі түрі қолданылғанын атап өткім келеді. Оң жағында – тұтас гранит тастар, сол жағында – Сейфуллин даңғылымен жүргіншілерге арналған тұсында – қалыңдығы 20 мм-лік кесілген гранит плиталар», - деді ол.



Беткі жағы бүлінгенімен жақсы жағдайдағы бүтін ауыр гранит тастар ауыстырылмайды. Олар тек тазарту және өңдеу үшін ғана алынады. Содан кейін сол жерге қайта орнатылады. Бұған қоса, учаскені тексеріп қарау барысында баспалдақтағы гранит плиталардың қозғалып кеткені, қабырғаға жапсырылған гранит плиталардың қабаттасып қалғаны да анықталған. Мұның бәрі жаяу жүршіншілерге қауіп төндіреді. Жөндеу жұмыстары барысында аталған плиталар да тазартылып, бұрынғы орындарына қойылады.
Сейфуллин даңғылының жүргіншілер жағын қаптау үшін қолданылатын қалыңдығы 20 мм-лік кесілген жалпақ гранит плиталарға келетін болсақ, бүгінде олардың ақаулары және сынғандары бар. Бұл плиталар ұқсас плиталарға ауыстырылады. Бөлшектелген және ауыстырылған плиталардың жалпы саны 25 пайыздан аспайды.


Қалалық Мобильділік басқармасы орнатылатын гранит плиталардың мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің деректер тізілімінде тіркелген сәйкестік сертификаты бар екендігін атап өтеді. Аталған сертификат қаптама плиталар табиғи тастан – граниттен жасалғанын куәландырады.
«Егер біз бұл көпірді осы күйінде қалдыратын болсақ, онда ол жаяу жүргіншілерге үлкен қауіп төндірер еді. Мұнда тіпті гранит баспалдақтар жылжып кеткен. Кейбір жерлерде олар мүлдем жоқ. Ал кейбір жерлерде 10-15 см-ге дейін жарықтар пайда болған», - деді ол.
Сағындық Телібаев көпірді жөндеу Түрксіб ауданы тұрғындарының өтінішімен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жұмыстар ағымдағы жөндеу аясында орындалып, бюджеттен шамамен 50 млн теңге жұмсалады. Жөндеу шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Еске салайық, Алматы әкімдігі Офицерлер үйі ғимаратының алдындағы плиталарды кім және не үшін алып жатқанын түсіндірген болатын.


