Үлкен ауылында АЭС салу жөніндегі көпшілік тыңдау сайлауға байланысты кейінге қалды

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы Жамбыл ауданында атом электр стансасын салу жобасы бойынша өтетін жария тыңдау кейінге қалды. Ол мәслихат депутаттары сайланғаннан кейін өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі бұл тыңдауға бүкіл мүдделі тараптардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды деп санайды.

«Алайда, барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына және сайлауға дайындалуына байланысты қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің қатысуын қамтамасыз ету мүмкін емес. Сайлау қорытындысы бойынша мәслихат құрамы қалыптасқаннан кейін жария тыңдау өткізу жөнінде шешім қабылданды» деп хабарлады аудан әкімдігі.

Көпшілік тыңдау өтетін күн мен уақыты Қазақстан заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес қосымша жарияланады.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы орта мектебінің акт залында АЭС құрылысы туралы жария тыңдау өтетінін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар