Үлкен экранның кішкентай жұлдызы - Риза Данияр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Балалар телевидениесі жас жеткіншектерге телебағдарламаларды жүргізіп, өз дарынын сынап, актер ретінде экранға шығып, фильмнің түсіріліміндегі жай-күйді сезініп көру мүмкіндігін ұсынады. Балаларымыздың бағына қарай, біздің елімізде жас өрендер үшін осынау бірегей мүмкіндік Balapan арнасында беріліп отыр. Бүгінге дейін арна телеэкранның біршама жұлдыздарын тәрбиелеп шығарды. Осы ретте көп жұлдыздың біріне айналған Риза Данияр туралы сіздерге әңгімелеп беруді жөн көріп отырмыз.
Бірі қызығы, Риза бар болғаны 9 жасында телевидениеге келген. Ал қазір оның жасы 14-те. Бала болса да, бес жылдық еңбек өтілі жас өренді айтарлықтай шыңдаған екен. Қазіргі уақытта оны көшеден байтаныс балалар мен оның әке-шешелері танып қоятын көрінеді. Бала болса да, жұмысына барынша зор жауапкершілікпен қарайтын Риза әрқашан кез келген тақырыпқа шығармашылық тұрғыда кіріседі.
«Менің ең бірінші телебағдарламам «Біз бақытты баламыз» деп аталған болатын. Әу баста мені кастингке шақырды. Алғашында өтпей қалсам да, өз-өзімді мұқатпай тыңғылықты түрде дайындала бастадым. Екінші ретте байқаудан осылайша өтіп кеттім. Одан кейін даярлық жұмысы жүргізілді де, мені эфирге даярлай бастады. Әлбетте, алғашында қорқынышым басым болған еді. Бірақ, 7 күндік тынымсыз әзірлік пен мамандардың тәлімінен кейін өз-өзіме деген сенімім нығая түсті», - дейді Риза.
Бүгінгі таңда Риза - балалар арнасының ең тәжірибелі жүргізушілерінің бірі.
«Мен ең алғашқы эфирімді Бақ-бақ атты кейіпкермен бірге жүргіздім. Ол сөйлей алатын қуыршақ еді. Әрине, қателіктерді өзім де байқайтын едім. Бірақ, келесі эфирге дейін осы олқылықтардың орнын түзеуге тырысып бақтым», - дейді Риза.
Бес жылдық еңбек барысында қызық жағдайлар да кездескен көрінеді.
«Біздің редакторлар бізді сөзбен қолдап тұру үшін құлағымызға құлаққап кигізеді. Кейде сол құлаққаптар түсіп қалатын кездер де болады. Тіпті бір күні мен эфирдің басталып кеткенін байқамай қалып, көрермендерім сөзімді естіп қойды. Бірақ, оған ұялып қалмай, жұмысымды жалғастыра бердім», - дейді ол.
Риза қазірден бастап әртіс немесе тілші болуды армандайды екен. Телеканалдың бас редакторы Айгерім Балғабайдың айтуына қарағанда, Риза теңдесі жоқ кадр, сөзсіз ең мықты жүргізушілердің бірі болып табылады.
«Біздің отбасымызда тілші жоқ. Анам психолог болса, әкем «Астана Су арнасы» мекемесінде еңбек етеді. Телебағдарламаларды жүргізу ұнайтындықтан, телевидениеге өзім бардым», - дейді оқушы.
Абырой-атақты көтеру бала түгілі, ересектердің өзіне де оңай емес. «Жұлдызды ауру» деген түсінікке қалай қарайсың деген сұраққа Риза күлімдеп қана жауап берді.
«Әлбетте, одан аулақпын. Мені мектепте бәрі біледі. Кейде «балапан» деп те атайды. Бірақ, оның бәріне әлдеқашан бойым үйреніп кеткен. Өзімді ешкімнен артық санамаймын», - дейді ол.
Оқу мен телевидениеден бөлек, Риза домбыра үйрену үйірмесіне, түрік тілінің курсы мен волейбол үйірмесіне барады екен.
«Әу баста мен оған көп ақыл айтатынмын. Себебі, кәсіптің қыр-сырын меңгеру керек болатын. Бүкіләлемдік Балаларды қорғау күні «Qazaqstan» Ұлттық арнасында белгілі жүргізуші Ламбриан Топузидиспен бірге Риза жаңалықтар бағдарламасын жүргізді. Ол өте еңбекқор», - дейді Айгерім Балғабай.
Оның айтуынша, телеарнадан осы уақытқа дейін айтарлықтай көп жүргізушілер түлеп ұшқан.
«Біз өзіміз тәлім берген балалардың кеткеннен кейінгі өмірін бақылап жүреміз. 7 жылдық жұмыс барысында біршама жүргізушілеріміз өсіп, жетіліп, кейбірі тілшілік өмірді таңдаса, кейбірі табысты түрде біздің республикалық арналарда еңбек етіп жүр. Бәрі де біздің арнадағы тәжірибе оларға зор көмек болғанын айтып жүреді», - дейді Айгерім Балғабай.



