Үлкендер балалар мен жастардың мәселелеріне көбірек көңіл бөлулері тиіс - Илья Ильин

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Әлемнің өңін өзгерту әр адамның өз қолында. Егер шын пейіліңмен қаласаң, айналаңды, қоршаған ортаңды, тіпті күллі әлемді жалғыз-ақ қимылмен өзгертуге болады.

Үлкендер балалар мен жастардың мәселелеріне көбірек көңіл бөлулері тиіс - Илья Ильин

Қиын сәттерде салымызды суға жібермеу керек. Өмірдің әрбір сәтін қызықты қылып өткізуге болады. Бізге Жаратушы иеміз Жер шарында өмір сүру бақытын бұйыртқан екен, сондықтан біз сол өмірімізді бағалай білуіміз керек.

Бұл туралы Астана қаласындағы Жастар денсаулығы орталығын таныстыру кезінде журналистерге берген сұхбатында екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин айтты.

«Бізге, ересектерге балалар мен жастардың мәселелеріне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Біз оларды қорғауға міндеттіміз», - деді ол.

Айта кетейік, Астанадағы Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының қызметі аясында Жастар денсаулығы орталықтарының жұмысы ұйымдастырылған болатын. Бұл орталықтардың негізгі міндеті жасөспірімдердің денсаулығын қорғау жолындағы шараларды атқару және олардың ортаға психологиялық және әлеуметтік бейімделуіне көмектесу. «Жеткіншек психологиясының ерекшелігі - оған қажетті медициналық қызмет түрі дәл қажетті кезінде, қолжетімді әрі құпия түрде көрсетілуі керек», - дейді орталықтың мамандары. Олардың айтуынша, осындай қызметті аталмыш денсаулық орталықтары мінсіз атқара алады.

Бүгінде қалалық емханалардың жанынан осындай 9 Жастар орталығы ашылған. Жақын арада тағы біреуі іске қосылады деп жоспарланып отыр. Мұнда кез келген жасөспірім немесе 24 жасқа дейінгі жастар өзіне қажетті медициналық, психологиялық көмек алу үшін осы орталықтардағы кәсіби мамандарға жүгіне алады. Орталықтарда, сондай-ақ, сенім телефондары бар.

«Басыңа түскен ауыртпалықтарды ішіңде сақтай бермей, жақындарыңмен бөлісу керек. Достар арасындағы қарым-қатынас маңызды, дегенмен  балаға деген ата-ананың ықыласынан артық ештеңе жоқ. Ал ата-аналардың өзі проблема алдында қауқарсыз болған жағдайда, жасөспірімдерге білікті психолог мамандары бар осындай орталықтар көмек көрсете алатыны қуантады», - деді Олимпиада чемпионы.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында қыруар шара атқарған орталық өз жұмысын қоғамға жеткізу жолында журналистер арасында жастар денсаулығы орталықтарының жұмысы жайындағы ең үздік материалға бәйге жариялайды. Сайысқа жеке авторлар мен авторлық ұжымдардың жұмыстары қабылданады. Жұмысты 2012 жылдың 1 желтоқсанына дейін  zozh-smi@mail.ru электрондық поштасына жіберу қажет.  Қосымша ақпаратты www.zozh.kz сайтынан алуға болады.

Бұл бастаманы «Алтын қыран» және «Бауыржан» қайырымдылық қорлары қолдап отыр. Сонымен қатар, Илья Ильин, Серік Сәпиев, Александр Винокуров сынды олимпиада чемпиондары да жастар денсаулық орталықтарын өздері аралап, жеткіншектермен кездесіп, оларға қолдау көрсетуде.

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев әр сөзінде салауатты өмір салтын ұстанған жастар келешекте елімізді жаңа жетістіктерге жеткізетінін үнемі айтып отырады. Сондықтан да, жастар, іні-қарындастарым, сендерге айтарым, жаман әдеттерден аулақ болып, әрдайым салауатты өмір салтын ұстаныңдар! Тек сонда ғана өмірдегі өз орындарыңды табасыңдар!» - деді Илья Ильин.