Ұлт тарихи мұраларын зерттеуді әлемнің жетекші архивтерінен бастау керек - Мемлекеттік хатшы

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Ұлттың тарихи мұраларын зерттеуді әлемнің жетекші архивтерінен бастау керек.

Ұлт тарихи мұраларын зерттеуді әлемнің жетекші архивтерінен бастау керек - Мемлекеттік хатшы

Бүгін Астанада мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелеріне арналған кеңесте ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлім етті.

Сөз арасында М. Тәжин гуманитарлық ғылымға қатысты идеологиялық жұмыстарға да тоқталып өтті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда тәуелсіздік жылдары жаңа құндылықтармен қалыптасқан жастар белсенді саяси іске араласқанын да еске салды. «Президент Н. Назарбаевтың ұлт тарихын тереңдете зерделеуге қатысты тапсырмасы бар. Бұл бағытта ұлттық бірегейліктің қосымша жинағын шығарып, ұсыну керек. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұлттың тарихи мұраларын зерттеу бойынша салмақты жұмысты жолға қою қажет. «Мәдени мұра» атты президенттік бағдарламада қамтылған дәстүрді жалғастыра отырып, ұлт тарихын тереңдете зерттеуді бастауымыз, оның ішінде бұндай зерттеулерді жетекші әлемдік архивтерден бастауымыз керек», - деді М. Тәжин. Осылай дей келе Мемлекеттік хатшы мынадай мысал келтірді: «Шыңғыс ханның «Яса» аталатын жазбасы көне түркі тілінде жазылған еді. Сосын бұл сол кездегі қытай тіліне аударылды. Одан моңғол тіліне аударылып, ал моңғол тілінен бір ынталы азамат қазақ тіліне аударып шықты. Сөйтіп, түп-төркіні біздің түркі тілінен шыққан туынды басқа тілдерді аралап барып, өзімізге келіп отыр».

Бұл ретте Мемлекеттік хатшы бірқатар министрліктер біріге жұмыс істеп белсенді ғалымдар тобының басын қосып, оларды қазақтың ұлттық тарихына қатысты қорлар сақталған Ресейдің, Қытай, Иран, Түркия мен Еуропалық елдердің архивтеріне жолдау керектігін алға тартты. «Бұл 2013 жылдың өзінде атқарылатын шара», - деді М. Тәжин.

Сөз арасында Мемлекеттік хатшы әлеуметтік мәселелер бойынша атқарылатын ақпараттық жұмыстарға да тоқталып өтті. «Әлемдік экономикалық конъюнктураның нашарлай түсуі объективті түрде елдің ішкі жағдайына әсер ететінін түсінуге тиіспіз. Сондықтан да әлеуметтік-экономикалық проблемаларды көрсету әлеуметтік шиеленісті төмендетуге сеп болатын үш бағытта жүруі шарт. Ең бастысы әлеуметтік проблемалар туралы жазуда қатаң алгоритм басшылықта болуы керек. Проблемаларды жасыру мүмкін емес, осыны ескеру қажет», - деді Мемлекеттік хатшы. Сонымен қатар, М. Тәжин әлеуметтік проблемалардың БАҚ-та жазылуына қатысты өз пікірін жеткізді. Оның айтуынша, бір БАҚ «елде ешқандай проблема жоқ» деп ұрандаса, екіншісі «проблемаға батып қалдық, мемлекет ештеңе істемей отыр» деп айқайлайды. Бұның екеуі де өз деңгейіне лайықты дүние емес. «Әрине, проблемаларды көрсету керек, алайда оның екінші жағында мемлекеттің соған қатысты не істеп отырғанын, биліктің құр қол отырмағанын да айту керек, жеткізу керек халыққа», - деді М. Тәжин.