Ұлт жоспары - 100 нақты қадам: БАӘ-де мемлекеттік қызметке қабылдау тәжірибесі

Бағдарламаның бірінші қадамында «Мемлекеттік қызметке қабылдау ресімдерін жаңғырту. Мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиіс» деп көрсетілген.
«ҚазАқпараттың» Біріккен Араб Әмірлігіндегі арнайы тілшісі осы бағыт бойынша әмірліктің тәжірибесін айтып береді.
БАӘ-нің 25.09.2008 жылғы №11 «Федералды үкіметтегі адам ресурстары» Заңының 19-бабына сәйкес, БАӘ мемлекеттік қызметіне алғаш рет келген тұлға міндетті түрде 3 ай сынақ мерзімінен өтеді.
Қызметке тұрушы кандидатпен уақытша келісімшарт жасалады, сәйкесінше сынақ мерзімі кезінде еңбекақысы үстемақы мен жәрдемақысыз төленеді. Сынақ мерзімі жыл сайынғы ақылы еңбекдемалысын беру үшін еңбек өтіліне есепке алынады.
Егер сынақ мерзімі кезінде нәтиже қанағаттанарлық болмаса, онда БАӘ қызметкері лауазымынан босатылады, сондай-ақ ол бес жұмыс күнінің ішінде бұл туралы хабардар болуы тиіс. Ал кандидат өз еркімен сынақ мерзімін тоқтатқысы келген жағдайда ол бұл туралы бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік органға хабарлауға міндетті.