Ұлт жоспары: Жергілікті полиция қоғамдағы қылмыспен күресте негізгі рөл атқаруы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында есеп беретін мемлекеттік билікті қалыптастырудың ауқымды шаралары қамтылғаны белгілі. Соның бір парасы - жергілікті қауымдастық алдында есеп беретін жергілікті полиция қызметін құру. Мемлекет басшысы осы мәселені көп жағдайда тәртіп сақшыларының ұры-қарылармен сыбайласып, соның салдарынан көптеген қылмыстардың ашылмай қалатынымен байланыстырған болатын. Сондықтан да, жергілікті полиция қызметіне қатысты реформа қоғамдағы заң үстемдігін дамыту үшін аса өзекті. Бұл бағыттағы заңды бүгін Парламент қабылдады. Ендеше, жаңа заңнама аясындағы жаңалықтарға тағы бір мәрте үңіліп көрсек.
None
None

Жалпы жергілікті полиция қызметі - ұсақ қылмыстарға мүлдем төзбеушілікті енгізе отырып, жол-патрульдік қызметті, ювеналдық қызметті, қоршаған ортаны қорғау полициясын, сондай-ақ тұрмыстық қылмыстарды, соның ішінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және арнайы қабылдау бөлімдерін қамтитын болады. Бұнымен қоса, жергілікті полиция қызметіне құқық бұзушылықтардың профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша іс жүргізу, қылмыстық теріс қылықтар бойынша хаттамалық нысанда сотқа дейінгі тергеп-тексеру шаралары жатқызылады. «Бұл ретте жергілікті полиция қызметін құру ішкі істер органының құрылымын оңтайландыру жолымен қалыптасатын болады. Назар аударатын мәселенің бірі - заң жобасының тұжырымдамасына сәйкес, жергілікті полиция қызметі құрылымдық түрде ішкі істер органының бірыңғай жүйесіне енетін болады, ал оның қызметкерлері ішкі істер органының қызметкерлерімен тең дәрежеде болып, әлеуметтік-құқықтық кепілдіктердің бірыңғай құқықтық мәртебесіне ие болады», - деп түсіндіреді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Бір сөзбен айтқанда, ендігіде жергілікті полицейлер жергілікті қоғамдастықпен бірлесе ұсақ қылмыстан бастап төзімсіздікпен күресуге қадам жасайды. Сонымен бірге, бұған дейін қоғам сынынан еш арыла алмай жүрген полиция қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлығына да қарсы шаралар қамтылады. Мәселен, жол-патруль полициясы қызметкерлерінің жұмыс ауысымы кезінде атқарған ісінің барлығын жазып отыратын бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету жоспарланады. Мамандар, бұның сыбайлас жемқорлық фактілерін төмендетуге және полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін айқындауға септігін тигізетінін алға тартқан болатын.

Дегенмен, депутаттар жергілікті полиция қызметіне жол-патрульдік полициясы қызметін кіріктірудің дұрыстығына күмәнмен қарап, біршама сөз таластырған еді. Мәселен, депутат Мұхтар Тінікеев «ала таяғын асынып, жол бойын аңдитын» полицейлердің қатары енді әмбебап полицейлермен толығатынына қауіптенгенін жеткізген болатын. «Жолдан оларды азайта алмай жатқанда, оларды тағы қосып отырмыз. Біз жаңа құрылатын полиция қызметінен осы функцияны алып тастасақ қайтеді?» деген еді депутат. Бұндай мәселені тағы бір депутат Омархан Өксікбаев та айтып қалды. «Жергілікті өкілеттікті жергілікті полицияға береміз, министрліктің вертикалды басқаруы болмайды. Сондай жағдайда, полицияның бәрі жолдың бойына шығып кетпей ме? Қазірдің өзінде олар соған бейім жүр ғой, кейін олардың бәрін сол жолдың бойынан оларды іздеп жүрмейміз бе?», - дейді Омархан Өксікбаев.

Өз кезегінде министр Қалмұханбет Қасымов бұған дейінгі елімізде жүзеге асқан әмбебап полицей қызметін енгізу арқылы көптеген жағымды көрсеткіштер орын ала бастағанын алға тартады. «Әрине, кейде басқа қоғамдық орындарда болуы тиістігіне қарамастан, жолға ғана жалтақтай беретін қызметкерлер де жоқ емес. Дегенмен, біз жалпылама алғанда тиісті шараларды қолға аламыз. Әлбетте, бәрі бірден орын-орнына келе қояды деу артығырақ, дегенмен, жергілікті полиция ауладағы, жол бойындағы, қоғамдық орындардың бәріндегі қылмыстар мен бұзушылықтарды қадағалауға міндеттілігі жүктеледі. Яғни, ендігіде жол-патрульдік қызметі көшеде жаға жыртысып жатқандарға жайбарақат қарап өте шықпайды. Бұның тиімді жақтары көп», - дейді Қалмұханбет Қасымов. Екінші жағынан министр ведомствоның ішкі өзіндік қауіпсіздік қызметі мен Әкімшілік полиция комитеті арқылы тәртіптік мәселелер қаралатынын, жергілікті полиция қызметі тұтастай бақылауда болатынын алға тартады.

Заң жобасының қамтыған басты жаңалықтарының бірі - жергілікті полиция қызметі басшысы мен орынбасарларын тағайындауға қатысты болып отыр. Ондай тағайындау формуласына келсек, Ішкі істер министрінің кандидатты ұсынуымен, мәслихат депутаттарының келісуімен жергілікті полиция қызметінің басшысын облыс әкімі тағайындайды. Сарапшылар, бұндай тағайындаудың жергілікті əкімдердің өзіне бағынысты аумақтағы құқықтық тəртіпті қорғауды қамтамасыз етудің тиімділік тетігіне айналатынын болжайды. Сонымен қатар, бұндай тетік жергілікті атқарушы биліктің жергілікті полиция қызметтері алдындағы жауапкершілігін де арттыра түсетін тәрізді.

Осы тақырып аясында назар аударатын тағы бір мәселе жергілікті полиция қызметінің жергілікті қауымдастыққа есеп беруі. Заңға сәйкес, жергілікті полиция қызметінің басшылары жергілікті қауымдастықтың алдында жылына кем дегенде екі рет есеп беретін болады. Бұл ретте полиция бірінші кезеңде əкімдік пен мəслихат алдында есеп берсе, екінші кезеңде жылына бір рет тұрғындардың алдында есеп беруге міндеттеледі. Бұндай есеп берулер жергілікті полиция қызметінің ашықтығын көрсетеді жəне азаматтар тарапынан оларға сенімділікті арттырады. Осылайша жергілікті полиция қызметін бағалау сол өңірдегі тұрғындардың пікіріне байлаулы болмақ. Сонымен қатар, мұндай механизм жергілікті полиция қызметінің жергiлiктi халықпен тығыз қарым-қатынас жасауына жол ашып, ол айналып келгенде Елбасы қатаң сынаған ұсақ заң бұзушылықтарға нөлдiк төзiмдiлiк режимiн қамтамасыз ететіні болжанады.

Тоқтала кететін мәселе, Сенат депутаты Бектас Бекназаров полиция қызметіне қатысты әңгіме болғанда құқық қорғау қызметкерінің бүгінгі ахуалына сараптама жасап, соған назар аудартқан еді. «Елімізде қоғамдық тәртіпті нығайтуда, қылмысқа қарсы тұруда, ұсақ қылмыс пен бұзушылықты жоюда жергілікті полиция қызметі негізгі рөл атқаратыны даусыз. Ал менің айтпағым, осы мәселенің екінші жағы, яғни полиция қызметкерлерінің өздерін заңмен қорғау мәселесі», - дейді депутат. Оның айтуынша, соңғы жылдары заңның үстемдігіне қызмет етіп, жер-жерде орын алып жатқан тәртіпсіздіктерді тыюға жанын салып жүрген, қоғамның тыныштығын күні-түні күзететін, сол үшін өз денсаулығын, тіпті өмірін қиып жатқан төменгі дәрежедегі полиция қызметкерлерін жалпы жұртшылыққа жағымсыз етіп көрсету әрекеттері елімізде белең ала бастаған. Сенатордың пайымынша, бұндай жағдай полиция қызметкерлеріне қарсы қолданылатын небір заңсыз әрекеттердің көбеюіне әкеп соқтырып жатыр. Сөзінің негізі ретінде депутат теледидарда екі күннің бірінде бұған мысал болатын ақпараттар беріліп жатқанын айтып, деректерді де алға тартты. Мәселен, сенатордың ұсынған мәліметіне қарағанда, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған азаматтардың саны соңғы бес жылда он еседен артқан: 2010 жылы - 78 адам болса, ағымдағы жылдың тек алғашқы жарты жылында бұл көрсеткіш 804 адамға жетіпті. Ал өз қызметтік өкілеттігін атқарып жүрген полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданып, қорлау көрсеткені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылған азаматтардың саны да соңғы бес жылда 4 еседен асып отыр: 2011 жылы - 118 адам болса, биылғы жылдың 6 айында - 414 адам. Сонымен қатар, сенатор әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылған тұлғалардың арасында қатаң жазаға тартылып жатқандары да шамалы екенін алға тартады, яғни полиция беделін түсіріп, қылмысқа барғандар жеңіл-желпі жауапкершілікпен құтылып кете барады. «Осы жоғарыдағы статистикалық деректер қолданыстағы заңның тиімділігі тым төмен екенін көрсетеді», - деп түйіндейді Бектас Бекназаров.

Сонымен бірге, сенатор еліміздегі полицейлердің басым бөлігі жергілікті полиция қызметі жүйесіне еніп, тұрғындармен олардың арақатынасы барынша жақындайтынын айта келе, олай болған жағдайда сол жергілікті полициялардың заңды өкілеттілігі де күшейтілуі керектігін алға тартады. «Өйтпесе, көшеде тал түсте көрінген әйелдің тепкісінде қалып, погоны жұлынып, жағасы жыртылып жатқан полиция қызметкерлері заңның үстемдігіне қалай қорған бола алады? Ата заңымызда айтылған құқықтық мемлекеттің мызғымас негізі ең алдымен қатаң тәртіптен бастау алады. Олай болса, қатаң тәртіпті қорғаушы полиция қызметкерлеріне қарсы жасалып жатқан заңсыз әрекеттердің барлығы бойынша кінәлі адамдар тиісті жауапкершілікке тартылып, олар қоғамның қатаң сынына ұшырауы керек», - деп атап өтті Бектас Бекназаров.

Осының бәрін тізіп шыққан сенатор бірқатар мәселені шешудің кезі келгенін де атап өтеді. «Біріншіден, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбауға жауапкершілікті көздейтін ҚР Әкімшілік кодексінің 443-бабындағы санкцияны күшейту мәселесін тереңірек зерделеп, Парламентке жаңа редакциясы ұсынылуы керек. Екіншіден, ҚР Әкімшілік кодексінің аталған бабында да ҚР Қылмыстық кодексінің 378, 379, 380-і баптарындағы билік өкілін қорлау, оған бағындау және оған қатысты күш қолдану үшін жауапкершілікті көздейтін нормаларды зерделеп, полиция қызметкерлеріне көрсетілетін қарсылығы үшін жауапкершілікті өзге билік өкілдері санатынан бөлек бекітілуі керек. Заңның мұндай нормасында өз қызмет, талаптарын орындайтын полиция қызметкерінің функциясы мен жауапкершілігі өзге билік өкілдерінен басқа екендігі белгіленетін болса, ондай нормалар полицияның заң бұзушылықты тиюға ешқандай да жалтақсыз, еркін әрі батыл килігуіне мүмкіндік береді», - дейді сенатор Бектас Бекназаров. Үшінші мәселе ретінде депутат полиция қызметкерлерін қорғаудың тағы бір мәселесін көлденең тартты. «Айдың күннің аманында талай полицейлерді ажал құштырып, тағы талай адамның өміріне қауіп төндірген қаскөй террористі, оның беліне байлаған жарылғыш затымен бірге өз денесімен басып, қыршың өмірін қиған тараздық полиция қызметкері Ғазиз Байтасовтың ерлігі Елбасы тарапынан зор баға алды. Үлкенді кішілі ерен істерімен, небір ерліктерімен өзгелерге үлгі болар ондай полиция қызметкерлері елімізде аз емес. Алайда, осындай жандарды өзгелерге үлгі ететін, ерлігін дәріптейтін, ерлік пен өрлік рухқа басқаларды баулып, тәртіп пен тәрбиеге қатысты идеологиялық жұмыстар елімізде жоқтың қасы. Полиция туралы экраннан күнде көретініміз көрші Ресей, Америка мен Еуропа елдерінің фильмдері, оқитынымыз да өзге елдің шығармалары. Сонда Қазақстанда осы типтес ерлікке толы фильмдер мен шығармалар қашан дүниеге келеді? Заң сақшыларының қиын да қатерлі, жауапты да абыройлы қызметін дәріптеу ардақты жазушы ағамыз Кемел Тоқаевтың кезеңінен аяқталған тәрізді. Сондықтан, Үкімет полиция қызметкерлерінің елімізде заң үстемдігін қамтамасыз ететін үлгілі істерін дәріптейтін, азаматтарды заңды құрметтеуге үйрететін идеологиялық бағыттағы жұмыстар жоспарын жасап, оны орындау керек. Бұл мәселелер жүйелі шешімін тапса, елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге зор үлесін тигізер еді», - деді Бектас Бекназаров.

Тоқ етері, полиция өзі де қорғанып, қоғаммен де тығыз байланыс жасағанда ғана кез келген қылмыспен күресі нәтижелі болмақ. Кез келген құқық бұзу­шылыққа төзбеушілік қағидасын қатаң жүзеге асыру үшін де халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі керек. Түптеп келгенде, Елбасы әйгілеген реформа да осы мәселені шешуді көздеп отыр емес пе?!

Соңғы жаңалықтар