«Ұлтаралық татулықтың нығаюы - Елбасының көреген саясатының жемісі» - грек этномәдени бірлестігі төрағасы С.Космериди
Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы Қазақстанда өмір сүріп жатқан барша ұлттар үшін шын мәнісінде мерекеге айналды.
«Бұл сессия Қазақстан халқы Ассамблеясына алдағы атқаратын жұмыстарын айқындап берді. Елбасы 2015 жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялады. Бұл ұлтаралық қарым-қатынасты дамытуда бізге жүктелген жаңа маңызды жауапкершілік деп білемін. Сонымен қатар, Елбасы сессияда сөйлеген сөзінде елімізде этономәдени бірлестіктердің одан әрі дамуы үшін, бір-бірімен қарым-қатынасы нығая түсуі үшін үлкен қалаларда, облыс орталықтарында жаңа этномәдени бірлестіктердің орталықтарын ашу керектігін атап өтті. Енді мұндай орталық Алматы қаласында да ашылар деген үміттеміз», - деді Спиридон Космериди.
Естеріңізге сала кетейік, Спиридон Георгиевич Космериди басқаратын «Эос» грек қоғамы Алматыда сонау 1989 жылы құрылған. Бүгінде аталмыш қоғам Ассамблеяның барлық шараларына белсенді түрде қатысатын, мемлекеттік және ұлттық мерекелерді барынша кең көлемде атап өтетін танымал ұйымдардың бірі. Оның араласуымен еліміздің әр өңірінде 10 астам грек этномәдени бірлестіктері жұмыс істеп келеді.