12:59, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлтаралық және дінаралық түйткілді мәселелерді шешуде халықаралық ұйымдардың ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады
АЛМАТЫ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ұлтаралық және дінаралық келісімдегі түйткілді мәселелерді шешуде халықаралық ұйымдардың ынтымақтастығы маңызды рөл атқарады.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі: ЕҚЫҰ үшін ұсыныс» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық қатынасқа байланысты іс жүзінде жүргізіліп жатқан іс-шараларынан кейін өздерінде де осындай нақты қадамдардың қажеттігін Еуропа мемлекеттерінің өздері айтуда. Өйткені қазір оларда бұл сұрақтарға байланысты біраз мәселелер туып отыр. Бір мемлекеттің моделі бүкіл мемлекеттерге үлгі бола алмайды. Бірақ негізгі адам құқықтары мен адамгершілік және қарым-қатынастар тұрғысынан қарайтын болсақ, біздің көптеген негізгі қағидаларымызды еуропалық мемлекеттер өздерінің жұмыс бағыттарында негізге алып, қарастыруына толықтай мүмкіндігі бар. Оны біз емес шет мемлекеттердің өкілдерінің өздері айтып отыр», - дейді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. Оның айтуынша, әр мемлекет өзіндік ерекшеліктеріне қарамастан халықаралық ұйымдармен арадағы қарым-қатынасты кеңейте түсуі қажет. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер қазіргі таңда ТМД, Орталық Азия және ШЫҰ сияқты өзге де халықаралық ұйымдармен арадағы қарым-қатынасты нығайтудың қажеттігін ашық мойындап отыр. Оған қол жеткізуге мүмкіндік бар. Өзара ынтымақтастық арқылы ғана ұлтаралық, дінаралық және тағы басқа да мәселелердегі көптеген сұрақтарды күн тәртібіне шығарып, шешімін бірлесіп табуға болады.