Ұлтқа еңбек етуге қазір барлық жағдай бар - Ахметжан Есімов

Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін "Ана тілім - ардағым" деп аталатын фестиваль кезінде айтты.
"Елімізде жүргізіліп жатқан мемлектік тіл саясатының барысына баға бергенде ең алдымен үлгі-өнеге болатын өркенді істерді ауызға алу керек. Соңғы жылдары мемлекеттік тіл саясатында үлкен бетбұрыстың басталғаны анық. Ол ел өмірінің барлық салаларында байқалып отыр. Тек соны көре білетін, іске жанашырлықпен қарайтын, ақиқатын айтатын ақ ниет керек", - дейді А. Есімов. Қала басшысының айтуынша, ел де, тіл де біздікі. Оған бізден басқа қызмет ететін күш жоқ. Ұлтқа қызмет қазір етуге барлық жағдай бар. Олай болса тәуелсіз Отанымыздың киелі шаруасына әр азамат өзінен, отбасынан, еңбек етіп жүрген ұжымынан, қоғамдық қызметінен бастап өз үлесін қосуы керек. "Біз қазір азаматтық қоғам құрып жатырмыз. Ондай қоғамда әрбір азамат өз халқы мен мемлекетінің барлық шаруасына жауапты болады. Сондықтан бұл шаруаға үкіметтік емес ұйымдар да барынша араласуы керек. Мемлекет сол істердің үйлестірушісі және қамқоршысы", - деді Ахметжан Смағұлұлы.