Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен тең ойнады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасы төртінші турында Қазақстан құрамасы елордада Фарер аралдарын қабылдады.
Кездесу барысында қарсыластар жылдам гол соғатын мүмкіндік іздеді. Алғашқы минуттарда қазақстандық футболшылардың белсенділігі байқалып тұрды. Дегенмен олар діттеген мақсатына жете алмай жатты. Есесіне 22-минутта өз қақпасына гол жіберіп алды. Бұл голды фарерлік Петур Кнудсен өзінің еншісіне жазды. Одан кейін қазақстандық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Соған қарамастан таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.
Екінші кезеңде фарерлік Геза Давид Тури 63-минутта есепті үстемелей түссе, олардың қатарынан Мартин Агнассон 65-минутта қызыл қағазбен алаңнан қуылды.
Ойынның 65-минутында қазақстандық Сергей Малый есеп айырмасын қысқартса, Нұралы Әліп 76-минутта таразы басын теңестірді.
Осылайша қарсыластар 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Енді отандастарымыз алдағы ойынын 13 қарашада сырт алаңда Молдоваға қарсы өткізеді.
Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасы үш ойын өткізіп үлгерді. Алдымен Фарер аралдарымен (1:1) тең түссе, одан кейін Словакия (1:2) мен Молдова (1:2) құрамасына есе жіберді.