Ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда ғана әлемде береке орнайды - Наурызбай қажы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда ғана әлемде береке орнайды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХ отырысында Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда ғана әлемде береке орнайтынын атап өтті. ҚМДБ төрағасы ислам дінінің жауласқанды жарастыру, дауласқанды достастыру, таласқанды татуластыру бағытындағы рөлі өте жоғары екенін жеткізді.
«Жер шары – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын, ренжітпесін» деген өсиеті бар. Ислам ғұламасы Жәлеледдин Руми: «Шоқ қай жерге түссе де мені күйдіреді» деген болатын. Шынында, шоқ жер шарының қай тарапына түссе де, бәрімізге өз зиянын тигізбей қоймайды. Жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың қажеттілігі. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі ләзім» - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.