Ұлттық антифрод орталығы 126 млрд теңгеге тосқауыл қойды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық антифрод орталығы аясында 215 мың алаяқтық жағдайлар мен өзге де заңға қайшы операциялар анықталды. Бұл туралы Құрылтай отырысында «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық банк төрағасының орынбасар Ерұлан Жамаубаев айтты.
— Қаржы секторындағы цифрландыру жоғары қарқынмен дамып келеді. Шілде айынан бері Ұлттық банкаралық мобильді төлемдер жүйесі, оның ішінде бірыңғай QR-код сервисі іске қосылды. Осы аз уақыт ішінде жүйе арқылы 875 млрд теңгеден астам сомаға 45 миллион операция жүргізілді. Мемлекеттік қаржы саласында цифрлық теңгені пайдалану кеңейтіліп жатыр. Нақты жобалар үшін қазір 350 млрд-тан астам цифрлық теңге шығарылды. Ұлттық антифрод орталығы аясында 215 мың алаяқтық жағдайлар мен өзге де заңға қайшы операциялар анықталып, 126 млрд теңгедегі сомаға тосқауыл қойылды, — деді ол.
ҰБ төрағасы орынбасарының мәліметінше, жақында цифрлық активтер айналымын кешенді реттеу енгізіліп, тиісті заң қабылданды.
— Сондай-ақ Мемлекет басшысының криптоиндустрияны дамыту жөніндегі жарлығына сәйкес Ұлттық банк Үкіметпен бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. — Цифрлық қаржы активтерін шығару және олармен жасалатын операцияларға қызмет көрсету үшін Қазақстан қор биржасында арнайы цифрлық платформа іске қосылды. Төрт лицензияланған криптопровайдер қазір жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банк көлемі 700 млн доллар болатын ұлттық крипторезервті құрды. Оның 200 млн долларға жуық қаражаты инвестицияланды, — деді Ерұлан Жамаубаев.
Бұған дейін баға тұрақтылығында тәуекелдер сақталып отырғанын жазған едік.