Ұлттық астық операторы қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық астық операторы 2025 жылы қарыз жүктемесін екі есеге жуық қысқартып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтты және фермерлерді мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтті. Бұл туралы АШМ басапсөз қызметі мәлім етті. 

Ұлттық астық операторы
Фото: «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ » акционерлік қоғамы қызметінің нәтижелері компанияның Қоғамдық кеңесі мүшелерінің отырысында айтылды. Аталған корпорацияның Басқарма төрағасы Асылхан Джувашев қиындықтарға қарамастан, корпорация жылды таза пайдамен аяқтағанына айрықша назар аударды.
Компаниялардың шоғырландырылған таза табысы 492,5 млн теңгені, ал Азық-түлік келісімшарт корпорациясының таза пайдасы 419,8 млн теңгені құрады.

— Биылғы мақсатымыз — негізгі міндеттемелерді өтеу және жыл соңына қарай қарыз көлемін 20 млрд теңгеге дейін төмендету, — деді корпорация басшысы.

Атап өткеніндей, биыл аграршыларды мемлекеттік қолдау жөніндегі міндеттер тиімді орындалумен қатар, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізілді.

Нарықты қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі — ұлттық оператордың сатып алу саясаты. Корпорация жыл сайын астық дақылдарына сатып алу бағаларын белгілейді. Бұл бағалар нарық қатысушылары үшін бағдар іспетті.

— Былтыр сатып алу бағасының өсуі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге өнімін тиімдірек бағамен сатуға мүмкіндік беріп, салаға айтарлықтай мультипликативтік әсер етті. Сарапшылардың бағалауынша, оның жиынтық экономикалық әсері 150 млрд теңгеге жеткен, — деді Асылхан Джувашев.

Компания астық экспортын едәуір ұлғайтып, өнімді Марокко, Алжир және Вьетнам сияқты жаңа әрі шалғай нарықтарға жеткізе бастады. Сонымен қатар, Орталық Азия елдері бағытындағы экспорт көлемі артты, ал Әзербайжанға астық жөнелту қайта жанданды.

Асылхан Джувашевтің айтуынша, соңғы екі жылдағы рекордтық өнімді ескере отырып, Азық-түлік корпорациясының негізгі міндеттерінің бірі қазақстандық астықты сыртқы нарықтарға шығару болды. Бұл міндетті іске асыруға еліміздің Үкіметі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған көлік субсидиялары ықпал етті. Соның нәтижесінде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарихи тұрғыдан ең жоғары көлемде астық экспорттады.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы төрағасы Ядыкар Ибрагимов ұлттық астық операторының жетістігіне ерекше көңіл бөлді.

— Компания менеджменті мемлекеттік кәсіпорынды оң қаржылық нәтижеге жеткізді. Бұл — өзге квазимемлекеттік компаниялар үшін үлгі болатын жақсы тәжірибе, — деді ол отырыс барысында.

Сонымен қатар, қауымдастық басшысы қазақстандық астықтың Қытай арқылы тасымалдануын жандандырып, Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарындағы ұстанымын нығайтуды ұсынды.

Отырыс соңында Қоғамдық кеңес «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» акционерлік қоғамының 2021–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілетін өзгерістерді талқылады. Түзетулер Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңартылған нормаларына сай әзірленіп, стратегиялық құжатты қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған.

Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес Корпорацияның 2025 жылғы жылдық есебін назарға алып, компанияның даму жоспарына енгізілетін өзгерістерді қолдады.

Бұған дейін Қазақстанның астық пен ұн экспорты 12 млн тоннадан асқанын жаздық.