Ұлттық банк 1,5 млрд теңгенің алаяқтыққа тән транзакцияларын бұғаттады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алаяқтыққа тән транзакциялар туралы дерек алмасатын Антифрод-орталықтың қалай жұмыс істеп жатқанын баяндады.

- Иә, ол жұмысын бастаған. Жарты жыл болды. 1,5 млрд теңге аударылғалы тұрған жерінен бұғатталды. Мұны соншалық бір үлкен сома емес деп айтуға да болады. Бірақ алаяқтар 100 миллиондап ақша алдап алатын жайттар сирек кездесетіні түсінікті. Негізінен олар 100-300 мыңдап алуға тырысады ғой. 17 мың алаяқтық әрекеттің алдын алдық. Ішкі істер министрлігі 11,5 мың оқиға бойынша қылмыстық іс ашты.
Бұл жұмыс орталық ашылғанға дейін де жүргізіліп келген. Бірақ ведомстволар мен қаржы ұйымдарының күшін біріктіру енді ғана мүмкін болды. Бірақ ол жақта істейтін жұмыс әлі көп. Алаяқтар өте «өнертапқыш», - деді Тимур Сүлейменов Bizdiñ Orta подкастында.
Айта кетейік, былтыр тамыз айында Ұлттық банк алаяқтыққа тән транзакциялар туралы дерек алмасатын Антифрод-орталықты іске қосқан еді.