Ұлттық банк басшысы ең төменгі айлық туралы: 85 мың теңге күнкөріске жетпейді

глава Нацбанка Т. Сулейменов
Фото: Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені белгілеуге арналған брифингіде елдегі ең төменгі айлық күнкөріске жетпейтінін айтты.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова БАҚ өкілдерінің сұрағын жауап бере отырып, ең төменгі айлық көлемі 85 мың теңге болу керек деді. Сіз осындай ұстаныммен келісесіз бе? Мұндай мөлшер еңбектің әділетті өтемі деп есептейсіз бе?» деп сұрады журналист спикерден. 

Ұлттық банк төрағасы елдегі ең төменгі айлықтың мөлшерін біртіндеп көтеру керек деп санайтынын жеткізді.

«Ең төменгі еңбекақы деген іс жүзінде төленетін айлық емес деп есептеймін. Бұл — көбіне өзге есептеу жүргізуге қолданылатын экономикалық көрсеткіш. Яғни, заң бойынша интеллектуалды еңбекке де, қара жұмысқа да, физикалық еңбекке де 85 мың теңгеден аз төлеуге болмайды. Заң бойынша осылай. Ал әділдік әңгімесіне келсек, 85 мың теңге жете ме, жетпей ме деген сұрақ туындайды. Әрине, 85 мың теңге (күн көруге — ред.) жетпейді. Қазақстанда ең төменгі еңбекақы көтеріліп келеді. 6 жыл бұрын тіпті 28 500 теңге болған. Содан бері 42 500-ге, 60 мыңға, енді 85 мыңға деген сияқты біртіндеп көтеріліп отырды. Бұл инфляция қарқынынан айтарлықтай жылдам деуге болады. Біз саналы түрде инфляциядан алға жүріп отырдық. Біз ең төменгі еңбекақы деңгейін іс жүзіндегі айлықтардың деңгейіне дейін көтеруіміз керек. Сонда ең төменгі айлық бүкіл көрсеткіштерді төменнен бастап көтерер еді. Сондықтан ең төменгі айлық өсіп келеді», — деді ол.

Ұлттық банк басшысы ең төменгі айлық мөлшері әрі қарай да өсу керек деп есептейді.

«Бірақ бұл жерде еңбектің ақысымен бірге өнімділігінің де өскенін қарастыруымыз керек. Еңбек өнімділігі артпаса, бәсекеге қабілет жоғалады. Бұл біздің нарықты, тауарларды бәсекеге қабілетсіз етеді. Мен қызметкерлеріме жоғары айлық төлеуім мүмкін. Оның есебінен тауарды немесе қызметтің өзіндік құны өседі. Осылайша нарықта бәсекеге қабілет азаяды. Сондықтан бұл — макроэкономикалық тұрғыдан да, микроэкономикалық тұрғыдан да зерделейтін нәзік мәселе. Егер менен экономист ретінде сұрасаңыз, жалпы ең төменгі айлықты кезең-кезеңімен өсіруді қолдаймын» — деді Тимур Сүлейменов. 

Еске салсақ, қазақстандықтар лайықты өмір сүру үшін қанша табыс табуы керек деп есептейтінін айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum