Біздің шешім қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұруды көздейді – Тимур Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,25 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
«Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 14,25 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешімді қабылдағанда инфляцияның динамикасы мен тәуекелдер балансы ескерілді. Жылдық инфляция шілде айында өскен соң тамыз, қыркүйек айларында баяу төмендеуін жалғастырды. Инфляция біздің болжамымызға сай қалыптасып келеді, алайда 5 пайыздық таргеттен жоғары болып тұр. Халықтың инфляциялық күтулері де өзгеріп, жоғары деңгейде қалды»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, сыртқы ортада әлемдік азық-түлік бағалары өскені байқалады. Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі – Ресейде инфляция қарқыны жоғары. Жалпы айтқанда, әлемде инфляция төмендеп келеді. Оған орталық банктердің жоғары ставканы ұзақ уақыт бойы ұстап тұруы себеп.
«Ішкі экономикада проинфляциялық қысым сақталуда. Оған фискалдық ынталандырудың күшеюінен қалыптасқан тұтынушылық сұраныс, тұрғын үй коммуналдық қызметі бағаларының өсуі және халықтың инфляциялық күтулердің артуы әсер етіп отыр. Біздің шешім қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұру саясатын жалғастыруды көздейді. Ол баға өсімін баяулатып, инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін қажет», - деді Тимур Сүлейменов.