Ұлттық банк басшысы елдегі инфляцияға әсер ететін сыртқы факторларды атады
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдегі азық-түлік пен энергия бағасының өсуі Қазақстандағы инфляцияға қысым түсіріп отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
Спикердің сөзінше, сыртқы нарықтағы ахуал әлі де тұрақсыз. Таяу Шығыстағы шиеленіс энергия бағасының жоғары болуына әсер етіп отыр.
— Әлемдік нарықта дәнді дақылдар, қант пен өсімдік майы қымбаттады. Ал ет пен сүт өнімдерінің бағасы төмендеді. Ресейде шілдеде жылдық инфляция 6% болды. Бұл Қазақстандағы бағаның төмендеуін баяулатуы мүмкін, — деді банк төрағасы.
Ол АҚШ пен Еуропадағы инфляция көрсеткіштеріне де тоқталды.
— Еуропалық одақта шілдеде инфляция 3%-ға дейін өсті. Ал АҚШ-та баға өсімі баяулап, шілдеде 3,4% болды. Бұл елдің орталық банкі көздеген 2%-дық деңгейден жоғары. Сондықтан бұл елдердің орталық банктері пайыздық мөлшерлемені төмендетуге асықпай отыр, — деді ол.
Ұлттық банк алдағы уақытта геосаяси жағдайдың ушығуы, сондай-ақ әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының өсуі Қазақстандағы инфляцияға қосымша қысым түсіруі мүмкін екенін еске салып өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткенін хабарлаған едік.