Ұлттық Банк ескі үлгідегі АҚШ долларларын сатып алуға қатысты мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM - 4 ақпанда Ұлттық Банк ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын сатып алу мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады.

- 2024 жылы Ұлттық Банк сұраныстан тыс қалған ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын кейін шетелге шығару үшін екінші деңгейлі банктерден сатып алу туралы шешім қабылдады. Шетелдік контрсеріктестердің нарықтық бағамы негізінде комиссиялық сыйақы белгіленді. Өткен жылдың соңында Ұлттық Банк 48 млн АҚШ доллары сомасына ЕДБ-дан қабылданған сұраныста жоқ қолма-қол АҚШ долларларын шығарды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Ұлттық Банк тікелей АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл өз кезегінде тасымалдау, сақтандыру секілді басқа да потенциалды шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша аталған операциялар бойынша комиссиялық сыйақы 0,3%-ға дейін төмендетілді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ сұраныста жоқ жиналып қалған қолма-қол АҚШ долларларының мәселесін шешу үшін Ұлттық Банк бұл операцияларды ЕДБ-ның тиісті сұрау салуына сәйкес уақытша шара түрінде жүргізетінін де нақтыламақ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын ескерткен болатын.