Ұлттық банк фермерлерге несие беретін агробанк құруға қарсы емес

банк
Фото: Pixabay

Ұлттық банк агробанк құруға қарсы емес. Дегенмен, тәуекелдерді дұрыс анықтау қажет. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Мамандандырылған fгробанк құру жайындағы ұсыныс оқтын-оқтын көтеріледі. Естеріңізге сала кетейін, Қазақстанда ауыл шаруашылығына ғана кредит беретін мемлекеттік те, жекеменшік те қаржы институттары болған. Дегенмен, тәжірибе оңтайлы бола алмады. Мәселен, 2000 жылы ҚазАгроПромбанк банкрот болды, ҚазАгро қаржылық шығынға батты», — деді ҰБ төрағасының орынбасары Мәжілісте өтіп жатқан дөңгелек отырыс барысында.

Сонымен қатар ол елімізде ауыл шаруашылығы жобаларында басымдықпен қаржыландырған Дельта банк, Цесна банк сынды қаржы институттары да жұмысының нәтижесіз болғанын баса айтты.

«Сол себепті жоғарыда аталған жайттарды ескере отырып, аграрлық банкті құруға кезекті мәрте тырысқан кезде теңгерімді шешім қабылдау қажет. Егер әлеуеттік тәуекелдерді дұрыс айқындап, дұрыс басқару стратегиясын анықтаған жағдайда мұндай қаржы институтын құруға болады. Болашақ акционер агробанктің жұмысына қатысты бүкіл шығындарды мойнына алуға дайын болуы тиіс», — деді Виталий Тутушкин.

Осы орайда ол аграрлық банктің жеке капитал есебінен құрылуына күмәнмен қарайтынын жасырмады.

«Сондықтан да Үкімет немесе квазимемлекеттік сектор акционер болуы ықтимал. Жалпы, біз Ұлттық банк ретінде егер мұндай шешім қабылданса қарсылық танытпаймыз. Бірақ, аталған банктің жұмысымен байланысты тәуекелдерді дұрыс анықтау және тәуекелдерді басқарудың дұрыс стратегиясын таңдау қажет», — деді ҰБ төрағасының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар