Ұлттық банк маркетплейстерде баға белгілеу тәжірибесін зерттеп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Маркетплейстерде тауарға баға белгілеуде халықаралық тәжірибе зерделеніп жатыр. Бұл туралы елордада ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті Макроэкономикалық зерттеулер және болжау басқармасының басшысы Ислам Ержан айтты.

маркетплейс
Коллаж: Kazinform/ЖИ

Ұлттық банктің сараптамалық-талдау клубының отырысында жасанды интеллектінің белгілі бір тауарларға баға белгілеу іс-қимылдарына араласуына қатысты сұрақ қойылды. 

— Қазір жасанды интеллект қарқынды дамып келеді. Негізінен, маркетплейстер, сондай-ақ тұтынушылармен өзара әрекеттесудің басқа да арналары чат-боттарға негізделген модельге көшіп жатыр. Мәселен, Америкада әрбір тұтынушыға белгілі бір тауар үшін жеке баға белгілеу тәжірибесіне қарсылық күшейіп келеді. Ал Ұлттық банк бұл жағдайға қатысты қандай шара қолданбақ? Мысалы, маған бір жейде 25 000 теңге тұруы мүмкін, ал досым дәл сол веб-сайттан, тіпті дәл сол профильде осы жейдені 24 000 теңгеге көруі ықтимал. Бұл жағдайда әр адам бағаны да әртүрлі көреді, — деп сұрады клуб отырысына келген мамандар Ұлттық банк өкілінен.

Өз кезегінде Ислам Ержан қазір еліміздегі дүкендерге қатысты тиісті зерттеу жүріп жатқанын айтты. 

— Бұл жобамен 2018 жылдан бері айналысып келеміз. Меніңше, айтарлықтай тәжірибе жинақтадық және қазіргі кезде өте көп дүкенді бақылап отырмыз. Мысалы, біз жақында ғана бақылай бастаған Kaspi маркетплейсінде сатушылардың ең жоғарғы орынға ие болу үшін бағаларын төмендетіп, тіпті бір теңге үшін де қызу таласып жатқанын байқадық. Бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, халықаралық әдістемелерді зерделеуге кірістік. Батыс елдерінің біразы бұл кезеңнен өтіп қойған. Мәселен, қазіргі уақытта Ұлыбританияның статистикалық органының тәжірибесін қарастырып жатырмыз. Шынымды айтсам, чат-боттарға қатысты әр пайдаланушы үшін жеке, бірегей баға белгіленетін жағдайға әлі тап болған жоқпыз. Дегенмен, болашақта мұндай шектеулер пайда бола қалса, басқа елдерде бұл мәселе бойынша тиісті шешім болуы мүмкін. Ондай жағдайда олардың әдістемесін зерттеп, сол тәжірибені өз жұмысымызда қолдана аламыз, — деп түсіндірді ҚР ҰБ Ақша-кредит саясаты департаменті Макроэкономикалық зерттеулер және болжау басқармасының басшысы.

Еске салсақ, АҚШ-та McDonald’s компаниясына қарсы ұжымдық талап-арыз түскен. Компания жасанды интеллектіге негізделген баға белгілеу жүйесі арқылы өз мейрамханаларында бағаларды заңсыз түрде үйлестірді деп айыпталып отыр.