Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі қайта біріге ме
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кезекті баспасөз мәслихатында Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін қайта біріктіру қаншалықты қисынды екені жөнінде пікір білдірді.
«Біз екі реттеуші органның құрылымы бүгінгі жайттарға және мемлекеттік басқарудың қажеттіліктеріне толық жауап береді деп есептейміз. Біз мұны (екі құрылымды біріктіруді — ред.) қаламайтынымыз анық. Саланың ахуалы тұрақты әрі теңгерімде деп есептейміз», — деді Тимур Сүлейменов.
Сондай-ақ, ол қоғам ішінде мұндай мәселе туындап отыр дегенге күмәнмен қарайтынын атап өтті.
«Жұмысыма байланысты болғандықтан бүкіл трендтерге, оның ішінде БАҚ-қа да мұқият зер салып отырамын. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін біріктіру керек деген тренд жүріп жатқанын байқаған жоқпын», — деді Ұлттық банк басшысы.