Ұлттық банк цифрлық теңге айналымын 1 трлн теңгеге жеткізбек

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық антифрод-орталықтың жұмысы нәтижесінде 68 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық операцияларға тосқауыл қойылды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

цифрлық теңге
Коллаж: Kazinform/ Canva

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын толыққанды іске қосуды қамтамасыз еттік. Ол қауіпсіз биометрияны, банктер арасындағы қолайлы төлемдер мен ақша аударымдарын, цифрлық теңгені, алаяқтықтан қорғауды және заманауи цифрлық сервистерді біріктіреді, - деді Тимур Сүлейменов Үкіметтің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін талқылау барысында.

Оның дерегінше, өткен жылы 340 миллиардқа жуық цифрлық теңге шығарылды. Биыл цифрлық теңгені мемлекеттік қаржы саласында пайдалану аясы кеңейтіледі.

- Үкіметпен бірлесіп тиісті Жол картасы бекітілді. Цифрлық теңгенің айналымын 1 триллионға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ұлттық банк жұмысының маңызды бөлігі – қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жүргізу. Ұлттық антифрод-орталықтың жұмысы нәтижесінде 68 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық операцияларға тосқауыл қойылып, 95 мыңнан астам азаматтардың қаржылық мүддесі қорғалды,- деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, 2025 жылы еліміздің алтын-валюта резервтері 42,8 пайызға өсті.