Ұлттық банк жұмысына әлі де сұрақтар бар – Президент валюта бағамы туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Халықты ұлттық валютаның құбылмалылығы алаңдатып отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. 

Ұлттық банк
Фото: nationalbank.kz

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүйлейменов өз баяндамасында ақша-кредит және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті жою бағытында нақты шаралар әзірленіп жатқанын айтты.

− Өткен жылы валюта нарығына доллардың жаһандық нығаюы, геосаяси шиеленістің сақталуы, негізгі экспорттық позицияларға бағалардың құбылмалылығы әсер етті. Ел ішінде валютаға сұраныс артты. Әсіресе қаражаттың шамадан тыс ағыны ықпал етті. Қазақстан қор биржасында доллар бойынша сауда-саттық көлемі 50%-ға жуық өсті. Валютаның шектеулі ұсынысы жағдайында теңге бағамы 15,5%-ке төмендеді, - деді ол.

Теңге бағамының шамадан тыс ауытқуларын азайту үшін валюталық интервенциялар жүргізілген. Валюталық операциялардың негізділігін бақылау мақсатында 12 банк пен қаржы ұйымдары тексерілген. Екінші деңгейлі банктердің валюталық операциялар бойынша есептілік мерзімі қысқартылған.

− Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде валютаға шектен тыс және ажитоажды сұраныс азайды. Сыртқы ортада және ел ішінде күтпеген өзгерістер болмаса, теңге бағамы жаңа фундаменталды деңгейін тапты деп есептейміз, - деді Т. Сүлейменов.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк жұмысына қатысты әлі де сұрақтардың бар екенін айтты.

– Ең алдымен, халықты ұлттық валютаның құбылмалылығы алаңдатып отыр. Сарапшылар америкалық доллардың нығаюына байланысты теңге бағамына қысым болатынын болжап отыр. Валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және жалпы инфляцияны тежеу – өте маңызды жұмыс. Тіпті бұл қазір Үкіметпен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуі қажет негізгі жұмыс. Бұрынғы «біз тәуелсізбіз және дербеспіз» деген ұстанымдар қазіргі жағдайда жұмыс істемейді, себебі жағдай өзгеше, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің салық-бюджет жүйесін реформалау туралы ұсынысын мақұлдап, бірақ халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу керегін баса айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар