Ұлттық домбыра күні Алматыда қалай тойланады

Алматы
Фото: parstoday.ir

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 7 шілде күні сағат 20:00-де Абай алаңында Ұлттық домбыра күніне орай «Аңыз домбыра» мерекелік концерті өтеді.

Мерекелік бағдарлама аясында Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Секен Тұрысбек, Айгүл Қосанова, Асылбек Еңсепов, Шолпан Даржанова, Әбділхамит Райымбергенов, Нұркен Әшіров, Ардақ Балажанова, Нұржан Жанпейісов, «Қоңыр» тобы, «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Салтанат» би ансамблі өнер көрсетеді.

Сонымен қатар концерте – Кенен Әзірбаев, Төлеген Момбеков, Әсет Бейсеуов, Мейрамбек Жанболатовтың шығармалары орындалады. Іс-шара аясында қазақ халық аспаптары шеберлерін – талантты қолөнершілерді естелік сыйлықтармен марапаттау өтеді. 

Ұлттық домбыра күні қаланың басқа аудандарында да мерекеленеді: 

– Алатау ауданында 4 шілде күні сағат 15:00-де Alatau Creative Hub – Алматы кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен іс-шара өтеді. Мерекелік бағдарламада шығармашылық ұжымдар сөз сөйлейді. Аталмыш шараның басты мақсаты – этносаралық қатынастарды нығайту және қазақ мәдениетін насихаттау. Сонымен қатар 5 шілдеде сағат 11:00-де Мультимедиялық дәстүрлі музыканың орталығында «Қазағымның жүрегінен жаралған, Бабамыздың үнісің сен – домбыра!» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады. 

– Әуезов ауданында 5 шілдеде сағат 11:00-де «Family» саябағында концерт өтіп, эстрада артистері Құрманғазы, Дәулеткерей және Тәттімбет шығармаларын орындайды. Сонымен қатар «Сарыарқа» скверінде сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін қолөнер жәрмеңкесі өтеді;

– Бостандық ауданында 5 шілде күні сағат 14:00-де «Mega Alma-Ata» СОО аумағында Ұлттық домбыра күнін тойлау құрметіне «Күмбірле қоңыр домбыра» мерекелік бағдарламасы өтеді;

– Медеу ауданында 4 шілде күні сағат 12:00-де Нұрғиса Тілендиев мемориалдық музейіне келушілер дәстүрлі жанр артистерінің қатысуымен «Сиқырлы үні» концертін көре алады. Сондай-ақ сағат 11: 00-де Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде Dombyra fest флешмобы өтеді. 

– Наурызбай ауданында 5 шілде күні сағат 11:00-де Шұғыла, 347/4 мекенжайындағы Инновациялық шығармашылық орталығында мерекеге орай концерттік бағдарлама болады.

– Түрксіб ауданында 5 шілде күні сағат 17:00-де Сауранбаев көшесіндегі Арбатта домбыра күніне арналған «Алтын домбыра» домбырашылардың флэшмобы өтеді.

Соңғы жаңалықтар