Ұлттық госпитальде жаңа медициналық корпустар салынады

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі аумағында жаңа медициналық корпустарды кезең-кезеңімен салуды көздейтін ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. 

Ұлттық госпитальде жаңа медициналық корпустар салынады
Фото: ҚР ПІБ Медициналық орталығы

Жоба аясында инфрақұрылымның бір бөлігі жаңартылып, заманауи көпсалалы медициналық кешен құрылады.

Техникалық тексерулердің қорытындысы бойынша 1950-1970 жылдары салынған кейбір ғимараттардың техникалық жай-күйі едәуір нашарлағаны және қауіпсіздік, сейсмотұрақтылық пен емдеу процесін ұйымдастырудың қазіргі талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Зерттеу барысында құрылыс конструкцияларында жарықтар мен инженерлік желілердің айтарлықтай тозу белгілері табылды. Сонымен қатар техникалық жағдайды қосымша бағалау нәтижесінде 2024 жылғы жер сілкіністерінің әсерінен кейбір корпустардың зақымданғаны тіркелді.

Осыған байланысты қолданыстағы ғимараттардың орнына жаңа медициналық корпустарды кезең-кезеңімен салуды және инфрақұрылымды кешенді жаңартуды көздейтін жаңғырту жобасын іске асыру туралы шешім қабылданды.

Бұл шаралар пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға, жоғары технологиялық медициналық көмектің мүмкіндіктерін кеңейтуге және отандық денсаулық сақтау жүйесін халықаралық заманауи стандарттарға сай дамытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар барлық іс-шара аурухана жұмысын тоқтатпай-ақ жүргізіледі. Бейінді бөлімшелерді басқа медициналық ұйымдарға көшіру жоспарланбаған. Ұжым толық құрамда сақталады, ал пайдалануға жарамды медициналық жабдықтар медициналық көмек көрсету барысында әрі қарай қолданылатын болады.

Ұлттық госпитальдың жаңа нысандарын салу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Құрылыстың басталуы 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Жобаның бірінші кезеңі 2028 жылы аяқталса, толық іске асырылуы 2029 жылға белгіленген.

Жоба аяқталғаннан кейін госпиталь жаңартылған операциялық бөлімдері, заманауи жабдықтары, жайлы палаталары және қазіргі талаптарға сай инженерлік инфрақұрылымы бар медициналық орталыққа айналады. Сондай-ақ медициналық процестерді басқарудың цифрлық жүйелері, интеллектуалды навигация, медициналық логистика саласындағы заманауи шешімдер енгізіліп, пациенттерге, келушілерге және медицина қызметкерлеріне ыңғайлы, қауіпсіз әрі функционалды орта қалыптастырылады.

– Бүгінде медициналық инфрақұрылым тек жайлылық талаптарына ғана емес, қауіпсіздік мәселелеріне де сай болуы тиіс. Біз күн сайын көптеген пациент пен медицина қызметкерлерін қабылдайтын ғимараттар туралы айтып отырмыз. Сондықтан госпитальді жаңғырту – медициналық көмекті одан әрі дамыту және емдеудің заманауи стандарттарын енгізу үшін қажетті қадам, - дейді ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің директоры Асхат Бралов.

Бұған дейін дейін хабарлағанымыздай, Ұлттық госпитальде ай сайын 40-тан астам эндопротездеу отасы жасалады