«Ұлттық қор – балаларға»: Ертең әр балаға 129 доллар аударылады
АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында биыл әр балаға неше теңге аударылатынын есептеп болды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов агенттік тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.

- Былтыр 6 млн 918 мың бала «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қатысушысы болды. Оның әрқайсысына 100 доллардан сәл асатын ақша аударылды. Биылғы инвестициялық табыс жаман емес. Орташа (кейінгі 18 жылдың орташа табыстылығы – ред.) инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылады. Бұл жаңалықты қуана отырып бөлісемін. Өйткені, менің де бағдарламаға қатысатын балаларым бар. Биыл 6 млн 921 мың 35 бала қатысады. БЖЗҚ енді ғана есептеп болды. Әр балаға 129 доллар 38 центтен аударылады, - деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк мәліметі бойынша балаларға тиесілі ақша ертең аударыла бастайды.
Қаражатты eGov mobile қосымшасы арқылы және kids.enpf.kz сайты арқылы бақылауға болады.
Еске салсақ, биыл көп жылға созылған Стати ісіне нүкте қойылып, Қазақстанның Ұлттық қорына 80 млн доллар қайтарылған болатын.