Ұлттық қор – балаларға: жинақталған сома қаншалықты өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жинақталатын қаражатқа түсінік берді.

ұлттық қор
Фото: Kazinform

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп биыл жыл басында Қазақстан азаматы саналатын балаларға Ұлттық қордан алғашқы қаражат жинақ қорына келіп түскенін, бұл бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны 6 млн 919 мың баланы құрағанын еске салды.

- Ұлттық қордан мақсатты трансферттер тарту қордың активтеріне және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын жүзеге асыруға қалай әсер етеді? Біз келешек ұрпақтың несібесіне қол салып, қол салғанда - мол салып отырған жоқпыз ба? 2024 жылдың соңына дейін және келер жылдары әр балаға қандай сома аударылады? - деп сұрады сенатор.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Такиев биыл «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 1 ақпанда 7 млн-ға жуық балаға 100 доллар 52 центтен аударылғанын айтты.

- Қазір (қордағы қаржы) доллармен есептеледі және осы сома қосымша инвестицияланады. Сондықтан жинақ өсіп жатыр. Инвестициялық кіріске тоқталсақ, биыл біз 2,6 пайызбен санадық. Келесі жылы 3% инвестициялық өсім болады деп болжам жасап отырмыз. Сондықтан біз 1 қаңтардағы санды ескеріп, балаларға 118-120 доллар болатын шығар деп отырмыз. Бірақ оны 1 ақпанға дейін тағы бір нақты есептеу керек, - деді Қаржы министрі.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша балаларға тиесілі сома 890 млн долларға жеткен.

- Алдын ала есеп бойынша жан басына шаққанда әр балаға – 130 доллар. Мәди Тәкиев (Қаржы министрі) айтқандай, 1 қаңтарға дейін дүниеге келген балалар санын, олардың қай бөлігі 18 жасқа толғанын есептеп, тиісті ақпаратты жариялаймыз. Жалпы балаларға арналған осы қаражат инфляциядан қорғалған, себебі доллармен сақталады, - деді ҰБ басшысы.

Еске сала кетейік, биыл 1 қаңтарда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми іске қосылды.

Жоба алғашында 7 миллионнан астам баланы қамтыды. Осы орайда Kazinform агенттігі 7 миллионнан астам баланың ата-анасына арнап, жобаның ең маңызды тұстарын тізіп шыққан еді.

Соңғы жаңалықтар