20:03, 26 Мамыр 2025 | GMT +5
Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссия құрылды
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың тиімді әрі заңды пайдаланылуын бақылау мақсатында арнайы комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 59-бабы 4-тармағына орай, Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың жұмсалуын мониторингілеу жөніндегі комиссия құрылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы комиссияның ережесі мен жұмыс тәртібін, сондай-ақ оның құрамын бекітті.
Жарлықпен бірге бірқатар бұрынғы президенттік актілердің күші жойылды деп танылды.
Құжат қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент жоғары әскери атақтар туралы жарлыққа қол қойған болатын.